Семей қалалық орталық кітапханада 2013 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндерге арналған арналған «Шежіреге толы туған өлке» Өлкетану оқулары өтті.
03.03.2013 21:59

Оқуға Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашылары, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті студенттері қатысты.

Мақсат: қала тарихымен таныстыру, туған өлкеге сүйіспеншіліктерін ояту, патриоттық сезімдерін қалыптастыру, кіші отанының өткені мен бүгініне құрметпен қарауға тәрбиелеу. Биыл ескі Семейдің негізі қаланғанына 295 жыл. Осыған байланысты ОКЖ кітапханаларында түрлі өлкетану шаралары өткізілуде.

Осы аталмыш шара биылғы жылы Қазақстан футболына 100 жыл, Қоғам және мемлекет қайраткері, Аягөз ауданының тумасы, бұрынғы Семей облысының бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың туғанына 80 жыл, Семей былғары-тері комбинатының іске қосылғанына 85 жыл, Семей цемент зауытының іске қосылғанына 55 жыл сияқты өзекті тақырыптарға арналды.


DSCF4328 DSCF4329

Спорт ойындарының ішіндегі кеңінен таралғаны және көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген түрі футбол болып саналады. Ал, Семей қаласы қазақ футболының отаны және де оның М.Әуезов есімімен тығыз байланысты екендігін түрлі деректерден білеміз.

Өлкетану оқуларына қатысушылар 1913-1914 жылдары ірі сауда орталықтарының бірі саналған Семей қаласында құрылған ССК, "Олимп", "Ласточка", "Орлята" және "Ярыш" (Жарыс) атты алғашқы қазақстандық командалар тарихымен танысты. Кезінде құрамында Мұхтар Әуезов өнер көрсеткен «Ярыш» футбол командасы, қазақстандық футболдың дамуына ерекше үлестерін қосқан команданың ойыншылары жайлы кеңінен әңгімеленді.

100 жылдық тарихы бар «Ярыштың» төсбелгісі жайлы деректерді қатысушылар ерекше ықыласпен тыңдады. Төсбелгіні «Ярыштың» капитаны Юнус Нигматуллиннің туысы Р.Нигматуллина арнайы 2009 жылы Германиядан келіп, қалмыздағы татар мәдени орталығының мұражайына тапсырған екен. Өйткені, қазақ футболының тарихы мен сырына қанық осынау көне төсбелгі жас ұрпаққа бірден-бір ескерткіш және аманат болып қалмақ. Сонымен қатар, қазіргі семейлік «Спартак» футбол командасының тарихы, тәрбиеленушілері жайлы мағлұматтар айтылып, қызықты деректер келтірілді.


DSCF4330Осында тарихы тереңде жатқан Семейде елге танымал тұлғалар көптеп саналады. Солардың бірі Республикаға еңбек сіңірген қайраткер, артында тұрлаулы істер қалдырған бірегей тұлғаның бірі – Кешірім Бозтаев.

Шара барысында К. Бозтаевтың өмірбаяны, қоғамдық қызметі, Семей полиогонында ядролық сынақты жабуда сіңірген еңбегі, жетістіктері жайында кітапхана қызметкері баяндамасын слайд арқылы байланыстыра отырып қызықты әңгімелеп берді.

Тоғыз жолдың торабындағы Семей сауда орталығы болып саналады. Осы тақырыпты жалғастырған кітапхана қызметкері қайта құру жылдарындағы Семей қаласының экономикасы, өнеркәсібі туралы, өндіріс көлемінің, жұмыс орындарының қысқаруы жайында тиісті мәліметтер келтіріп, баяндама жасады. Дегенмен де, бастан кешкен қиыншылықтарға қарамастан, егемендік жылдары қаламызда экономика қарқынды дамып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға үлестерін қосып отырған кәсіпорындар көптеп саналады. Солардың бірі Семей былғары-тері комбинаты, Семей цемент зауыты, олардың қалыптасуы, қазіргі уақытта шығаратын өнімдері туралы ақпараттық және статистикалық мәліметтер келтірілді.

Шара барысында «Шежіреге толы туған өлке» көрмесі ұйымдастырылып, кітап, мерзімді басылымдар, библиографиялық құралдар қойылды. Көрме материалдары бойынша әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

Тақырыптар бойынша арнайы слайд сүйемелдеуімен баяндамалар жасалып, видео және фотоматериалдар көрсетілді. Қатысушылар, әсіресе «Қазақстанның ядролық мұрасы» видеофильмін ерекше ынтамен көрді. Өлке тарихынан сыр шертетін мұндай кітапхана шаралары алдағы уақытта жалғаса бермек.

LAST_UPDATED2