Анисимов Семен Михайлович (3.6.1911 – 15.3.1970)
06.12.2012 22:31

Анисимов Семен Михайлович 1911 жылы 3 июнде Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Предгорный ауылында туған. Ақын, жазушы. Семей педагогикалық техникумын, Ленинград журналистика институтын бітірген. 1931-1933 жылдары Семей облысы «Прииртышская правда» газетінде, 1936-41 жылдары Ресей газеттерінде тілші болып қызмет атқарған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

Шығармашылығын өлеңмен бастаған ол прозада да қалам тартты.

Семен Анисимов – Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Курск, Брянск, Полесье майдандарында, орманды далада жаяу әскер қатарында соғысты. 1944 жылдың мамыр айынан әскери корреспондент, «В бой за Родину» дивизиялық газетінде хатшы болды. Элбада соғысты аяқтады. Оның әскери биографиясы оның әдеби тағдырымен байланысты болып, ақынның өмірлік ұстанымын анықтап берді.

1946-1970 жылдары С.Анисимов облыстық «Прииртышская правда» газетінде әдеби қызметкер, сектор, бөлім меңгерушісі болды. Шығармалары 1930 жылдан жариялана бастады. Алғашқы өлеңдер жинағы «Ертіс бойында» деген атпен 1954 жылы жарық көрді. «Қайнар» (1956), «Замандас» (1962), «Сентябрь» (1972, 1980), «Жастық жалыны» (1975), «Таңдамалылар» (1978) тағы басқа поэзиялық кітаптарында Ертіс өңіріндегі жасампаз бейбіт еңбек, қазақ даласындағы ұлы өзгерістер, туған табиғат бейнесі, совет адамдарының асыл арманы, мақсат-мұраты жырланады.

Оның өлеңдері лирика мен сырға толы еді.

Анисимов проза жанрында өнімді еңбек етті. «Парамон Крутихиннің құпиясы» (1968) повесі екі шаруа адамының – қарт коммунист Матвей Шедров пен бұрынғы кулак Парамон Крутихиннің тағдырындағы қайғылы да қасіретті жайларды жайларды суреттейді. Адам бақыты, туған жерді сүю, жалпы адамзатты қадірлеу, өзің де қадірменді болу туралы мәселелер «Мыс таңба» (1968), жастардың моральдық бейнесі «Көкек» (1969) повестерінде көрініс тапқан.

Семен Михайлович Павел Васильев, Эдуард Багрицкий сияқты замандастарының шығармаларын қадір тұтты, Антон Павлович Чехов, Михаил Светловтардың шығармаларын қастерлеуші болды.

С.М.Анисимов 50-70 жылдардағы жазушылар үшін ұстаз әрі жетекші болды. «Біз бәріміз оның оқушыларымыз», - деді Николай Евдокимович Алексеев.

«Қызыл жұлдыз» орденімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған.


Әдебиет:

Анисимов Семен // Қазақ ССР: Қысқаша энциклопедия. Т.4. - Б. 121.