25.01.2011 23:42
There are no translations available.

Еңбек сүйгіштігі ғажап-ты! (Әнұранның шығу тарихы жайлы)

1992 жылдың күз айы еді.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясы жүріп жатқан болатын. Онда басқа мәселелермен бірге егемендігін алған республикамызға жаңа символикалар туралы да сөздер болды. Жас Мемлекеттің туы, елтаңбасы, әнұраны қандай болу керек деген мақсатта конкурс жариялау шешілді.

Конкурсқа түскен жобалар қаншама десеңізші? Мәселен, тек қана мемлекеттік ту туралы конкурстік комиссияға 453 эскиз түскен. Әнұранның музыкасына 51 жоба, ал сөзіне -132 өлең мәтіні келіп түскен. Бұл халқымыздың сана-сезімінің, тәуелсіздік пен бостандықтың бір ерекше көрінісі шығар деген ой келді маған.

...Сессия жұмысының бір үзіліс кезінде, ту сыртымнан біреу мені құшақтай алды. Қарасам, өзіміздің Қайым ағай.

- Бәрекелді, аға, амансыз ба, қандай себеппен Парламентке келдіңіз? - деп, әрі қарай сөз жалғастырып, шүйіркелесе кеттік.

Ағаның кейінгі жылдарда Алматыда тұратынын естігенмін. Бірақ, ол кісімен осы қалада жолыққан емеспін.

"Ойпырым-ай, ә, сәлемді мен бірінші болып беруім керек еді, мынау ұят болды-ау" деген ойлар көпке дейін басымнан кетпей қойды.

Сөзіне, бет әлпетіне қарағанда, жасы сол кезде жетпіс беске келсе де, абыз ақсақал әлі тың, әрі сергек болып көрінді.

Айналайын, Нығмет, қалың қалай? Үй-ішің аман ба? Сессияда жүргендігіңді естідім, депутат екеніңді білемін. Өзіңе бір мәселе туралы жолығайыншы деп келіп тұрмын, - деді Кәкең.

 Қысқасы былай, - деп, сөзін әрі қарай дамыта жөнелді. - Осы күндері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының жаңа сөзін беделді комиссия сарапқа салып жатқанын естіген шығарсың. Жасыма қарамай, мен де жаңа гимннің конкурсына қатысып отырмын. Комиссия мен жазған мәтінге жоғары баға беріп, ақтық мәреге дейін жеттім. Енді, міне, осы Жоғарғы кеңестің сессиясында менің және коллективтік авторлар жазған Әнұранның сөзін талқылайды.

Конкурсқа түскен өлеңдер депутаттардың қолдарында бар болатын. Қайым ағаның жазғанын тауып алып, ертеңгі болатын сессияда ағамыздың аманатын орындау үшін дайындалуға іле-шала кірісіп те кеттім.

Тарихқа көз жүгіртсек, осыдан 60 жыл бұрын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тұңғыш әнұранын жазған осы ағамыз еді. Бірақ, көп жылдар бойы әнұранның авторы бір кісі емес, үш ақын-жазушы жазған деп баспасөз беттерінде айтылып жүрді. "Ана тілі" газетінде (1991 ж., №51) журналист Мақсат Ізімовке берген сұхбатында Қазақстанның халық жазушысы, әйгілі ақын Әбділда Тәжібаев былай деген екен: "Небәрі үш шумақ өлеңді үш адам бірігіп жаздық қой... Содан не керек, Ғабит пен Қайым бар, мен бармын, бәріміз жабылып үш ауыз өлең құрап шығардық".

Кейін "Халық кеңесі" газетінде (1 тамыз 1992 ж., №150) жазушы Ғаббас Қабышұлы "Ақиқатқа адвокат қажет емес" атты мақаласында: "Қазақ ССР Мемлекеттік гимннің өлеңі кімдікі?" - деген сұраққа "... өлең авторы бір ғана Қайым Мұхамедханов екені, өлеңге Ғ. Мүсіреповтің де, Ә.Тәжібаевтың да қатысы жоқтығы дәлелденді. Сол баяғы саясатшылар "коллективті авторлар" жасаған да, "коллективтендіруге жатқызылған" "қосалқы авторлар" үндемей жүре берген", - деп жазыпты.

Қайым ағаның өмір тағдыры да оңай болған жоқ, талай қиянатты басынан кешірді. 1951 жылы "халық жауы" деген жалған жаламен тұтқынға алынып, 25 жылға сотталып кетті. Сол кездері ол кісінің аты әнұран авторлығынан да өшірілді. Кейін ағарып, айдаудан келгеннен соң да бірінші емес, қосалқы автор ретінде аталып жүрген.

Осындай қиыншылыққа берілмеу, өмірдің соққысына шыдау әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл -үлкен ерліктің, батылдықтың, қайсарлықтың белгісі. Мұндай батыр қасиет тек Алаш азаматына тән екені елге мәлім.

Кәкеңнен бір естігенім, кейіннен жазылып та жүрді, әнұранның музыкасын композитор Мұқан Төлебаев қана жазған, ал Е.Брусиловский мен Л.Хамидиді сол кездегі саясатқа байланысты қосымша ретінде тіркеген. Ғаббас Қабышұлы жоғарыда айтылған "Ақиқатқа адвокат қажет емес" мақаласында гимннің музыкасы туралы ашып жазған.

Расында, ол - тарихи шындық.

Бұл жолғы конкурста елуден астам жобаның біреуі де Мұқан Төлебаевтың музыкасына пара-пар келе алмады. Сондықтан болар, халық депутаттары Мұқанның музыкасына тоқтап, соны қалады. Әнұранның музыкасының кереметтілігі соншама, ойнағанда саздың құдіреті бүкіл денеңізді шымырлатып-ақ жібереді. Мұнда халқымыздың рухы да, ерлігі де айқын көрсетілген.

Келесі күні Жоғарғы Кеңестің сессиясында Қазақстан Республикасы мемлекеттік гимннің өлең мәтіні туралы мәселе бірден басталып кетті. Сөйлеуші депутаттар өз пікірлерін ортаға салып, өлеңдерге талдау жасады. Байқауымша, көбі Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жазира Дәрібаевалар жазған әнұранның өлеңін қостап, дауысқа қоюларын сұрап жатты.

2-3 депутаттардан кейін, маған да сөз берілді.

Сонда мен былай деп сөйлеген едім:

"Жоғары мәртебелі сессия! Құрметті халық қалаулылары! Дербестік алғанына бір жыл ғана болған Республикамызда атқарылған ісімізден әлі атқаруға тиіс, дұрыстап, бүкіл халық болып тындыруға тиіс шаруамыз әлдеқайда көп. Сол шаруамыздың аса маңызды бір саласы, тәуелсіздігімізді баршаға танытып берер рухани игілігіміз - Елтаңбамызды, Туымызды айқындап алғанымыз болды. Мемлекеттік гимніміздің бұрынғы ғажап әуенін осы отырған өзіміз қайтадан қалап алдық, ол әуеннің авторы ұлы шығармалар берген, біртуар композиторымыз болған Мұқан Төлебаев екенін де енді біліп отырмыз. Оның анық-қанығын "Халық кеңесі" газетіне осыдан екі ай шамасы бұрын жазушы Ғаббас Қабышұлы салмақты мақала етіп жазды. Біздің Жоғарғы Кеңесіміз осыны құлаққағыс жасап, гимн әуені тек Мұқан Төлебаевтікі екені заңдастырылса, үлкен композиторларымыз Е.Брусиловский және Л.Хамиди сол кездегі басшылардың "саяси тапқырлығы" салдарынан сырттай Қосалқы авторлыққа тіркелгені дәлелді себеппен жаңа гимн әуенінің авторлары делінбегені жөн десе, дұрыс болар еді.

Мұқан Төлебаев тап болған зорлық, сол кезде сол гимн сөзінің нақты авторы Қайым Мұхамедхановқа да жасалыпты. Оған да саясат үшін қосалқы авторлар тіркеліпті. Құдайға шүкір, заман түзелген соң ізденіп, гимн текстінің авторы өзі ғана екенін архив құжаттары арқылы Қ. Мұхамедханов дәлелдеп шығыпты.

Бүгін өздеріңіздің сараптарыңызға ұсынылып отырған гимндік үш текстің бірінің авторы -осы Қайым Мұхамедханов. Сөз реті келген соң пікірімді осы текстен бастайын. Бұл өлең мәтіні бәрімізге, құрметті депутаттар, о бастан белгілі, қырық жыл бойы дерлік айтып келдік. Әрине, жаңа нұсқа бұрынғы уақыт мәжбүр еткендіктен қолданылған әсіре саяси сөздерден тазартылған, егемен-ді Қазақстанның бүгінгі, ертеңгі, кейінгі тарихына, ұрпақтан ұрпаққа рухани игілік болар дәрежеде жазылған. Мұны

"Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,

Азаттық жолында ар үшін қиған жан", -

деп басталуының өзі-ақ аңғартады.

"Сан ғасыр торлаған бүғауды талқандап" тастағанымыз, "іргелі мемлекет" болғанымыз, "достық пен бірлікті" бағалай білетініміз, "әділеттік пен адалдықтың ақ жолынан" таймайтынымыз, "ұлы ата-баба салтына" адалдықпен, көк туымызды биік ұстай көркейеріміз, барша халықпен, "бар әлеммен" тілектестігіміз, бәрі де жақсы айтылған. Бұл өлеңде тәуелсіз Қазақстанның қанық бейнесі бар.

"Қазағым, жарыста

Самғаған ғарышқа, -

Бостандық, береке ұраны.

Тайсалма, тартынба,

Құлашта, жарқылда,

Алаштың ер жүрек ұланы!", -делінген қайырмасы шын сүйіндіреді.

Мәнді, көркем текст салмағы еселеніп, әсерленіп тұр емес пе! Мұндағы, күні кеше Горбачев пен Колбиндер ойлап тапқан -"қазақ ұлтшылдығы" деген қап-қара сөздердің санау бастамасында тағы да бүкіл қазақ халқына қарсы қолданылған "алаш", "аруақ" сөздерінен шошымауымыз керек. Бұл сөздер - санғасырлық тарихы, ынтымақшыл, бейбіт ниетті, кең пейіл салты бар халықтың жарқын келбетін аша түсетін аяулы сөздер.

Енді рұқсат болса, Қайым Мұхамедхановтың жазған гимннің өлеңін толық оқып берейін:

Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,

Азаттық жолында ар үшін қиған жан.

Сан ғасыр торлаган бұғауды талқандап,

Ерікті ел болдық - жарқырап атты таң.

Қайырмасы:

Қазағым, жарыста

Самғаған ғарышқа, -

Бостандық, береке ұраны.

Тайсалма, тартынба,

Құлашта, жарқылда,

Алаштың ер жүрек ұланы!

Іргелі мемлекет -біз қазақ еліміз,

Достық пен бірлікте жайнайды жеріміз.

Әділет, адалдық ақ жолдан таймаймыз,

Қаһарман қазақтың еңіреген еріміз.

Қайырмасы:

Қазағым, жарыста

Самғаған ғарышқа,-

-Бостандық, береке ұраны.

Тайсалма, тартынба,

Құлашта, жарқылда,

Алаштың ер жүрек ұланы!

Ұлы ата-бабаның адалмыз салтына,

Атағы жер жарған айбынды даңқына.

Алаштың ақ туын аспанға көтерген,

Бар әлем бауырмал қазақтың халқына.

Қайырмасы:

Қазағым, жарыста

Самғаған ғарышқа,-

Бостандық, береке ұраны.

Тайсалма, тартынба,

Құлашта, жарқылда,

Алаштың ер жүрек ұланы!

Қандай ғажап сөздер! Нағыз гимнге лайық шумақтар емес пе!

Мен гимніміздің жаңа өлең мәтініне Қайым Мұхамедхановтың жазғаны өте дұрыс деп санаймын. Әу баста табысқан Мұқан Төлебаев пен Қайым Мұхамедханов творчестволарының құшағын бүгін ажырату абыройлы іс бола қоймас!

Сарапымыздағы үш өлеңнің қалған екеуінің де авторлары - кілең атақты, сыйлы ақындар. Ғұмыр жастары ұзақ болып, шығармашылық табыстары молая берсін! Бұлардың өлеңдері де жақсы жазылған. Бірақ та бұрынғы нұсқаның ырқынан шығып кете алмаған сияқты. Теңдік, бірлік, азаттық т.б. сөздер төңірегінде қайталану көбірек кездеседі. Өлең шумақтары "тербеген", "кернеген", "ерлікті", "кеңдікті", немесе "халықпыз", "жаныппыз", "тарихпыз" деген сөздермен арзан ұйқаспен аяқталынып жатады.

Осы жаттанды жалтырақ сөздерді көбейткеннен ән-ұранның бағасы көтерілмейді. Сондықтан, қорыта айтқанда, мен Қайым Мұхамедханов жазған өлең мәтінін қолдаймын, соған дауыс берейік деп сіздерді шақырамын".

Бірсыпыра тартыс-даулардан кейін, өлеңдер дауысқа салынып, Әлімбаев, Мырзалиев, Молдағалиев, Дәрібаевалар жазған әнұранның өлеңі өтті. Сонымен жаңа әнұран мәтіні дүниеге келді.

Қайым аға, өмірден өткенше, ана тілді өркендету керек деп ел азаматтарына, әсіресе жастарға өз арманын ылғи айтып отырушы еді. Менің естуімше, жазу столындағы том-том боп үйіліп жатқан кітаптарды, жүздеген ғұламалардың қолжазбасын ақтарып, науқастығына қарамай, ақтық демі қалғанша еңбек жазып отырған.

Мінеки, Алаштың арыстарынан тәлім-тәрбие алған, үлкен ғалымымыз, асыл ұстаз Қайым ағамыз осындай еді.

Осы бір естелік көрініс, ел-жұрт білсін, әсіресе жастар жағы оқып үйренсін, үлгі алсын деген оймен жазылған дүние ғой.

"Кісіге қарай сөз алма, Сөзіне қарап кісіні ал", -деп ұлы Абай айтқандай, Қайым Мұхамедханов сияқты алаштың зиялыларын әрқашанда ардақтап, есімін ұмытпай, адамгершілік ар сөздерін, халқына сіңірген еңбектерін өнеге ете жүрейік, ағайындар!

Әдебиет:

Қайым туралы сөз = Слово о Каюме: сб. воспоминаний / Құраст. Қайым Мұхамедхановтың отбасы; жауапты ред. Ғ.Қабышұлы // Еңбек сүйгіштігі ғажап-ты / Н.Жотабаев. -Астана: Фолиант, 2006. - Б. 204-211.