Сәбит Дөнентаев бейіті
08.11.2012 08:19

1933 жылғы тарихи ескерткіш.

Мекен-жайы: Семей қаласы, қаланың шығыс бөлігіндегі бейіт.

 

Көрнекті қазақ ақыны, XX ғасырдың басындағы демократы Сәбит Дөнентаев қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосты. Ол 1891 жылы бұрынғы Семей облысы (қазіргі Павлодар облысы), Павлодар уезі, Ақсу болысының №4 ауылында кедей шаруаның отбасында туған. Ол әліпбиді мұсылман мектебінде танып, кейін Павлодарда Қасым Ертікбаев негізін қалаған мектепте оқыған. Дарынды жастың рухани сұраныстары медресе шеңберінен шығып жатты. Оның қашан жаза бастағаны туралы мәліметтер жоқ, дегенмен ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ қалам тербеген секілді, өйткені оның алғашқы өлеңдері 1913 жылы алғашқы қазақ журналы «Айқапта» жарияланған. 1916 жылы Уфада оның өлеңдер жинағы жарық көрген. Осы алғашқы кітабы оның оқырмандар арасында танылуына ықпал еткен. Осы жинақ жарыққа шыққаннан кейін С.Дөнентаевтың өлеңдері баспасөз беттерінде жариялана бастайды. 1916 жылы С.Дөнентаев тылдағы жұмыстарды атқаруға әскерге шақырылады. Отанына ақпан революциясынан кейін оралып, Семейдегі мұғалімдер даярлайтын курсқа оқуға түседі. Қазақстандағы революцияның жеңісі оның алдынан шығармашылық қызмет үшін кең жол ашады.

1919-1922 жылдары ақын ауылдарында жергілікті жерлерде еңбекші бұқараны совет өкіметі маңына топтастырып, белсенді жұмыс істейді. 1923 жылы С.Дөнентаевты губерниялық «Қазақ тілі» газетінің редакциясына жұмысқа шақырады. Осы сәттен бастап, оның ақын, әрі публицист ретіндегі жемісті еңбек жолы басталады. Ол осы кезде Қазақстанда болған өзгерістерді сипаттайтын көптеген өлеңдер, фельетондар, мақалалар жазды. Бұл жылдары Дөнентаев совет жазушыларының позициясын ұстанады, мұны оның өлеңдерінен байқауға болады. 1929 жылдан өмірінің ақырына дейін ақын пролетар жазушылары ассоциациясының мүшесі болды.

С.Дөнентаев ұзақ науқастан соң 1933 жылғы 23 мамырда Семей қаласында қайтыс болды.

Бейіт басындағы ескерткіші ашық кітапты бейнелейтін тақта түрінде жасалған. Бейіт металл қоршаумен қоршалған. Онда «Сәбит Дөнентаев (1891-1933 жж.)», - деген жазу бар.


Әдебиет:

Шығыс Қазақстан облысы сәулет және монументальды ескерткіштерінің тізбесі [Мәтін] = Свод архитектурных и монументальных памятников Восточно-Казахстанской области. - Өскемен : Альфа-Пресс, 2005. – Б. 95.

LAST_UPDATED2