Тыныбай Кәукенов мешіті
04.11.2012 10:57

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы сәулет ескерткіші.

Орналасқан жері: Семей қаласы, Жамбыл көшесі, 18.

 

1Семей мешіт салу үрдісімен атағы шыққан аймақ. Семей қаласының өзінде күні бүгінге дейін жеткен ежелгі мешіттер бар.

1872 жылғы 15 желтоқсанда Семей қалалық думасы Үкіметтік сенаттан Ертістің сол жақ жағалауындағы Слободкаларды қаланың шеңберіне қосуды сұрайды. Бұл туралы Омбы мұражайындағы "Судың ар жағындағы Слободканың Семей қаласына қосылуы туралы істің" материалдарында жазылған. Судың ар жағындағы Слободкалар "Тыныбай", "Жоламан", "Тарақты" секілді шектескен үш мекеннен тұрады, онда дені қырғыздар (қазақтар. ауд.) болып табылатын 534 үй, 2686 жан тұрады" делінген. Үкіметтік сенат қалалық думаның өтінішін қанағаттандырған. Сол жақ жағалаудағы "Тыныбай Слободкасы" деп аталған қаланың бір бөлігі уақ руынан шыққан екінші гильдиялы көпес Тыныбай Кәукенов деген қырғыздың (қазақтың) есімімен байланысты. Мұны 1839 жылғы 22 тамыздағы «Семей қаласының жоғарғы жағында көшіп жүрген қырғыздардың жағдайы туралы баяндама» атты мұрағаттық материал да растайды: «...Семейлік Тыныбай Кәукенов деген қырғыз қырда сауда жасаумен айналысып, біршама қаржы жинап алды, сөйтіп қалада үй салып, 1839 жылы үшінші гильдия бойынша көпестікке жазылды». Сондай-ақ Қазақстанның архивінде «Уақ болысының старшинасы Кәукеновты Семей қаласының көпестер сословиесіне кіргізу туралы» 1842 жылғы мұрағаттық іс сақталған. Жоғарыда көрсетілген архивтік материалдар Т.Кәукеновтың шынымен Семей қаласында өмір сүргенін қуаттайды. Көпес болғандықтан ол Ертістің сол жақ жағалауынан тұрғын үй салған. Үйдің жанынан мұсылмандарға арнап мешіт салдыра бастаған.

Ескерткіштің архитектурасы «татар-сібір» мешіттері деп аталатын типке жатады, бұлардың салыну принципі православие діни сәулет құрылыстарына өте ұқсас, мұнда да бір білікке ауқымы әртүрлі құрамдас бөліктер орнатылған. 3Басты ерекшелігі - исламға тән ғимараттың күмбез және тік формалы болып аяқталуында жатыр. Прииртыш православие шіркеуінің сәулет өнерінде негізгі ауқымның төрттігі шағын төрттікпен немесе сегіздікпен толықтырылса, мешітте бұл күмбездік жабын арқылы біршама басқаша шешім тапқан. Тыныбай мешітінің қабырғалары жұтаң безендірілген. Оларды тік бұрыш формалы терезе ойықтары, сондай-ақ әйелдерге арналған бөлмені жарықтандыратын негізгі ауқымның екінші қабатының төбе терезелері жандандырып тұр. Әртүрлі өрнектермен әшекейленген түтін құбырлары мен су ағар құбырлар қосымша әр береді.

Көпес Тінібай Кәукенов Ф.М.Достоевский, прокурор, Врангель сынды адамдармен ниеттес болған. Шоқан Уәлихановтың атақты Қашқар сапары кезінде жүргізілген күнделігінде Тінібайдың Қытай еліне сауда жүргізіп, керуен жүргізіп отырғаны жайлы жазылған.

Тінібай мешіті – дінімізге тосқауыл қойылған Кеңес заманында да үздіксіз жұмыс істеген бірден-бір мешіт.


Әдебиеттер:

Мечеть Тыныбая Каукенова [Текст] : [о зданиях - памятниках архитектуры города Семей] // Вести Семей. - 2011. - 8 марта. - С. 4.

Шығыс Қазақстан облысы сәулет және монументальды ескерткіштерінің тізбесі [Мәтін] = Свод архитектурных и монументальных памятников Восточно-Казахстанской области. - Өскемен : Альфа-Пресс, 2005. - Б. 79.

LAST_UPDATED2