Қалалық орталық кітапханада «Кітапханалық-библиографиялық жұмыстағы жаңашылдық» тақырыбында семинар өткізілді. Семинарға Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы, қаламыздағы лицей, колледж кітапханаларының, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашылары қатысты.
27.09.2012 20:19

Семинардың мақсаты:

кiтапханалардағы кiтапханалық қызмет көрсетудi дамытуды басқаруға кiтапханашылардың назарын аудару, демек инновацияны шебер енгiзе білу: ғылымның жетістіктерін iс жүзiнде қолданып, стратегиялық жоспарлау, маркетинг және жоба жұмысын кең қолдану;

дербес зерттеулер жүргізу, жаңа кiтапханалық - библиографиялық және ақпараттық технологияларды меңгеру;

Кiтапхана-бөлімшелерінің кiтапханашыларын кітапханалық қызмет көрсету орындарында негізгі ақпараттық материалдармен қамтамасыз ету.

Жұмыстың инновациялық түрлеріне ерекше назар аударылды.

DSCF2582 DSCF2585

 

Семинар бағдарламасында «Сандық қоғамдағы кітапхана» - слайд-дәріс, «Кітапханалық-библиографиялық жұмыстағы жаңашылдық» - слайд-дәріс, «Библиография - білімге кілт» - виртуалды экскурсия, «Оралхан Бөкей шығармашылығы» - виртуалды библиографиялық шолу, Кітапхананың веб-сайты, - ақпарат, «Білім - күш» тренинг-ойын т.б. кешенді шаралар қамтылды.

Бүгінде библиографтың жұмысына кiтапханалық қызмет көрсетудiң дәстүрлi әдістерін қолдана отырып, қандай жаңалық енгізуге болады? Библиограф қызметінде қандай креативтi бағыттарда алға жылжушылық, жаңашылдық болды? Қандай идеялар пайда болды, қандай тәжірибе жинақталды? Басқа қызмет салаларынан библиографтарға қандай инновациялар пайдалануға болады? т.б сұрақтар төңірегінде келелі ой қозғалды, жаңа идеялар айтылды.

Басқа да барлық қызмет салаларының үнемi өзгеріп отыратын құжаттар ағыны арқылы жаңашылдықпен кәсiби байланысты болғандықтан, библиографтарға негiздi кәсiби бiлiмді ғана емес, басқа да салаларда білімді болуды қажет етеді.

«Сандық қоғамдағы кітапхана» тақырыбында әңгіме қозғалды. Қазіргі библиограф талдаушы, библиограф-зерттеушi, дегенмен де библиографиялық жұмыс бұрынғыдай – библиографиялық ақпарат көздерін пайдаланушыларға дайындау және жеткізу болып қала береді. Бұдан шығатын қорытынды, жаңашылдықты жұмыс барысында қолдана отырып, жаңа өнімдер құруға және қызмет бағытында алға жылжуды қажет етеді. Мұның айқын мысалы, Бүкіләлемдік сандық кітапхана - АҚШ-тың Конгрес кітапханасы. Ғаламдық кітапханада әдебиет пен өнер туындыларын онлайн режимде қарауға болады, - деп атап көрсетті ақпараттық-библиографиялық бөлімнің меңгерушісі М.Маханбетова өз баяндамасында.

Сонымен бірге шетел кітапханаларының сандық кітапхана құрудағы тәжірибелері, жаңа технологияларды қолданып қызмет көрсетуі, оқырмандарды кітапханаға тартудағы жаңа қызмет түрлері жайында айтылған қызықты ақпарат семинарға қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

«Бүгінде еңбек - жаһандық бәсекелестік жағдайында шешуші фактор ретінде алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс, - осылай деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында айтқан болатын.

Жаңғырту үдерістері азаматтар белсенділігінің күшеюімен, олардың шығармашылық әлеуетінің ашылуымен қосарлана жүреді. «Интеллектуалдық ақпаратқа қолжетімділіктің инновациялық түрлерін дамыту қажет. Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын түбегейлі ұлғайту керек. Іс жүзінде ол - ұлттың электронды миы», - деген пікірге толықтай қосыла отырып, кітапхана қызметкерлері халыққа жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетуге ұмтылады. Дәлел ретінде, Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана – Мемлекеттік Электронды Кітапханалық Қоры туралы кеңінен айтылып, сандық кітапхана құрудың рөлі мен мақсаты жайында әңгімеленді.

Қазiргі уақытта кітапханада бар дәстүрлі анықтамалық материалдарды меңгере отырып, жай ғана сауатты маман болу жеткiлiксiз.

DSCF2591 DSCF2596

«Кітапханалық-библиографиялық жұмыстағы жаңашылдық» тақырыбында өрелі сөз етілді. «Қазіргі маман іздестірудің тиімді стратегияларын таңдауға және талдай білуге, web-желілердің ақпараттық кеңістігінде еркін бағдарлауға, жаңа ақпараттық өнiмдердiң пайда болуын үнемi зерттеп, анықтама-ақпараттық және библиографиялық қызмет көрсетудегi креативтi идеялары iске асыра білулері қажет», - деді ақпараттық-библиографиялық бөлімнің библиографы Ш.А.Гайнуллина баяндамасында. Сонымен бірге библиографиялық жұмыстың жаңа түрлері мен әдістеріне толықтай тоқталды.

Ендігі сөз кезегін алған ақпараттық-библиографиялық бөлімнің библиографы М.Ахметкалиева «Библиография - білімге кілт» - атты виртуалды экскурсия жасады. Мұнда библиографиялық бөлімнің жаңа кезеңдегі инновациялық жұмысы туралы айтып берді.

Дамыту және әдістеме бөлімінің әдіскері Т.Д.Сухорукова жаңа ақпараттық-технологияларды қолдана отырып, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Оралхан Бөкей шығармашылығы» атты виртуалды библиографиялық шолуын ұсынды.

Семинар барысында Семей қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ақпараттық-библиографиялық қызметін дұрыс ұйымдастыру нәтижесінде, қазіргі заман талабына сай оқырмандарға тиімді қызмет көрсетуде қол жеткізілген жетістіктер, нәтижелер жайы да айтылды.

ОКЖ-де анықтама-библиографиялық және ақпараттық қызмет көрсету түрі сан-алуан: әдебиеттердiң ақпараттық-библиографиялық, ұсыныстық тiзiмдерi, парақшалар, жаднамалар, дайджест-ақпарат, күнтiзбелер құрастыру, сонымен қатар дәстүрлi және виртуалды кiтап көрмелерін жасау, библиографиялық шолулар т.б. көпшілік шаралар өткiзу. Кiтапханалық инновациялық технологияларды жұмыс барысында кеңінен қолдану жүзеге асырылуда.

Жаңа ақпараттық технологиялар, коммуникациялардың жаңа жолдары, ақпаратты басқарудың жаңа әдiстерi - осылардың барлығы біздің ақпарат жеткізушілермен және пайдаланушылармен өзара қарым-қатынаста болуға, және библиографиялық қызмет салаларында, сонымен бірге бiздiң қоғамдық бет-бейнеміздің қалыптасуына әсерін тигізеді.

Семинар өз мәнінде өтті, семинарға қатысушылар алдағы уақытта осы әріптестiктерін жалғастыра бірлесе қызмет ете беруге дайын екендерін айтып, өз ойларымен бөлісті.