Алтынбаев Қалихан (1927–2002)
25.06.2012 19:13

27 қарашада бұрынғы Семей облысының Жарма ауданындағы Малай ауылында дүниеге келген. Бала жасынан ақындық өнерге ден қойған. Ол көпке алдымен айтыс ақыны ретінде танылды. Алғаш рет 1947 жылы Көсембек Байқұтановпен сөз сайысына түседі. 1957 жылы Заманбек Оразаевпен айтысады. Бұл айтыс сол жылы ақын В.Копытиннің аударуымен республикалық «Ленинская смена» газетінде жарияланды. 1959 жылы республикалық айтыста Тәңірберген Әміреновпен жыр сайысына түсіп, екінші орынды иеленді.

Қ.Алтынбаев өз өмірінде отызға тарта айтысқа түседі. Оның айтыс өлеңдері «Ақындар жыры» (1961), «Айтыс» (3 том, 1966), «Ақындар шықты айтысқа» (1969), «Қазақтың қазіргі поэзиясы» (1975) жинақтарында жарияланған. «Дала бесік», «Қиял қанатында» жыр жинақтарының, «Қалбатау», «Ақсуат», «Көкпекті» танымдық зерттеу кітаптарының авторы.

Оның ұлттық мәдениет тарихы, Абай мен Мұхтар, белгілі ақындар мен жыраулар туралы, қазақтың атбегілік, балуандық өнері туралы ғылыми-көпшілік, этнографиялық мақалалары, ру-тайпалар туралы шежірелері облыстық, республикалық баспасөз бетінде жарияланған. Қ.Алтынбаевтың суырып-салма ақындық өнеріне С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмайылов, М.Қаратаевтар жоғары баға берген.


Әдебиет:

Қазақстан жазушылары [Мәтін] : анықтамалық / құраст. Қамшыгер, Саят; Жұмашева, Қайырниса . - Алматы : Ан Арыс, 2009. – Б. 26.

LAST_UPDATED2