Ақылбайұлы Әубәкір (1881-1934)
25.06.2012 19:06

Абайдың немересі, әрі шәкірті.

Әубәкірді Абайдың інісі Оспан бауырына салып өсіріп, тәрбиелеген. Ол өлеңді суырып салып та, жазып та шығарған. Немересінің ақындыққа бой ұрғанын байқаған Абай оған бағыт-бағдар, ақыл-кеңесін беріп отырған. Әнші-күйші Әубәкір атасының тапсырмасымен әзіл, мысқыл, әжуа, сықақ өлең шығарып, 19-шы ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі сатираға өзіндік үлес қосқан. Ол сол кездегі құбылыстарды аяусыз сынап:


"О, ішіңде қымың да бар, жымың да бар,

Би болуға жарамсыз сұмың да бар.

Анық әділ тартылсаң таразыға,

Балтамен шабатұғын мінің де бар", - деп ащы мысқылға толы өлеңдер шығарып, халықтың қалың көпшілігінің қараңғылығы мен надандығына жаны күйген.

 

Ол "Мамай батыр", "Әнет бабаң", "Ақтабан шұбырынды", "Оралбай мен Керімбала", "Әреке мен Береке" және 30-жылдары Абай ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшыраған қиын кезеңді шынайы суреттеген "Шыңғыстау" дастаны өзінше бір төбе. Әубәкірді талантты әнші-композитор ретінде де танытатын "Көкен қалқам", "Әліпби", "Дариға" деген әндері бар.

Кеңес өкіметі тұсында шығарған "Кооператив", "Советтің наркескені" т.б. өлеңдер жазған.

Руы Қарабатыр Қайырбек деген тісі жоқ шал Көки деген інісінің үйіне барған қылып, қайнағасы мен келінін айтыстырады. Әубәкір Қайырбек болып:


Март туса, үйде отырмас Шыңғыс елі,

Таңертең атқа міндім түстенгелі.

Аулына Отыншының барып едім,

Көкидің шыға келді қаракері.

Келіні:

Апырым-ау, мынау келген қайнаға ма,

Тісі өтпейді деуші еді шайнамаға.

Құймақ құйып берсек те жарар еді,

Жазғытұрым отау үйде май бола ма?

Қайырбек шал:

Келіннің осы сөзі расы ма?

Сараңдық осы ауылдың мұрасы ма?

Етіңді ас, шайды қайнат, үйіңе бар,

Айтысып осы арада тұрасың ба? - дейді.

* * *

Айдостың үлкені Торғайдың бір баласы Етембай деген бай болған. Етембай сол байлықты ішіп-жеп қызығын көрмеген. Сол Етембайға айтқаны:

 

Мінеки жігіт Етембай,

Толып жатыр құрт пен май.

Тары көже, талқан жеп,

Қорек қылды ішпей шай.

Астына салған қи төсек,

Үстіне салған бір кесек.

Жата кетті бүкшиіп

Үйіне келіп көк есек, - деп келемеждейді.

* * *

Үржарға жер аударылып барғанда Әукеш ағаның жермен қоштасып айтқаны:

 

Шыңғыстау, қалғаның ба енді жат боп,

Бір іздеп барар едім, астымда ат жоқ.

Саялап биігің мен көлеңкеңе,

Шығатын күн болар ма көңіл шат боп.

Жидебай, қош есен бол, Қыдыр, Шұнай,

Белгісіз ілгері күн бұдан былай.

Доғалаң, Орда, Өртең, сен де аман бол,

Жазғай-ақ көрсетуге жаббар құдай.

Жеті ел кеп бізден бұрын, жеті ел кеткен,

Қалмақты Мамай қуып орын еткен.

Байлаусыз тиянақсыз жаратылыс,

Бізге де босатуға уақыт жеткен.

Қайғысыз қара суға семірген ел,

Қайран Қоңыр, бұл күнде болдың ба нөл.

Қан тамған қылышынан қайран Олжай,

Көзіңнен жас сорғалап мұны да көр.

* * *

Ал, мына өлең 1933 жылы Үржарда жүргенде айтылған:

Дүние-ай, көзім жетті тайғағыңа,

Кедейлік етік жамау айғағыңа.

Шапан, тон, тымақ, желет, тақия жоқ,

Тартамын жалғыз бешпент қай жағыма?

Бір көйлек, ызаң өтті бір іш киім,

Қолда пұл жоқ алуға тиын-сиын.

Сорайып кір жуғанда кеңірдегім,

Әсіресе осы жерің болды-ау қиын.

* * *

Әукеш ағаның жер мен суға қоштасып айтқаны:

 

Кір жуып, кіндік кескен жер аман бол,

Аға, келін, жеңгелер, іні аман бол.

Шет жайлап, қиыр қонған қайран қоныс,

Байқошқар, Балашақпақ, сен де аман бол.

Май өзек, қош-есен бол,

Буратиген, Ақ ауыл көрінбеуші ең тіккен үйден.

Салқында, саяңда өскен иелерің,

Шаң қауып, бауыр жайлап, күнге күйген.

Шалғын су, құм менен тас, жер аман бол,

Бұлақтың иен қалған бәрі аман бол.

Бойжеткен қыз секілді бұраңдаған

Саялы жапырағы тал аман бол.

Өлкені өрлей, құлдай қонып ауыл,

Біріккен мал мен тілеу бәрі бауыр.

Соны іздеп жетімсіреп шіркін көңіл,

Салқындап күннен-күнге соқты дауыл, ... дейтін ұзақ толғауы бар.

 

Әдебиет:

Қорабаев, Сейітқазы. Әубәкір Ақылбайұлы (1881-34) [Мәтін] : Жанболатұлы, Молдабек. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі. Т. 2 / Жанболатұлы, М. - Алматы, 2004. - Б. 131-133.

Интернет:

www.abay-museum.kz

www.minber.kz/2011

www. kk.wikipedia.org

LAST_UPDATED2