Бәріміз Оралхан Бөкейді оқимыз!
17.06.2012 15:44

Қалалық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 14 маусым күні Орталық саябақта «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Оралхан Бөкейдің шығармаларын көпшілікке насихаттау мақсатында «Көркем сөздің құлагері» атты библио-анонс өткізілді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР Кітапханашылар ассоциациясы қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында қолға алған «Бір ел – бір кітап» акциясы биыл да жалғасын тапты. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың төрағалымен өткен «Бір ел – бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитетінің отырысында 2012 жылы жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болған Оралхан Бөкеевтің «Қайдасың, қасқа құлыным» атты повестер мен әңгімелер жинағы оқуға ұсынылды.


DSCF1410 DSCF1411


Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ оқырмандарды оқуға, кітапханаға тарту.

Бүгінде «Семей қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» ММ барлық кітапханаларында 6-шы рет қатарынан дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» ақциясы өткізілуде. Акция аясында кітапхана қызметкерлері қаламыздың түрлі қоғамдық, мемлекеттік ұйымдарымен тығыз байланыста бірлесіп түрлі кездесу, әдеби кештерін, оқу марафондары, дөңгелек үстелдер, пікірсайыстар өткізу жоспарланып, акцияға қала тұрғындарын тарту үшін жарнама науқанын кеңінен жүргізуде.

Мәдени шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері, қалалықтар, жастарымыз қатысты. Қазақ филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, ғалым Мұрат Рақымжанұлы Сұлтанбеков, тағы басқа қаламгерлер Оралхан Бөкей шығармашылығы туралы кеңінен әңгімелеп берді.


DSCF1406 DSCF1409

 

Шара барысында жазушының шығармалары жайында шолу жасалып, викторина өткізілді. Қойылған сұрақтарға белсене қатысып, жерлес қаламгердің шығармаларын жақсы білетін оқырмандарымызға сыйға кітаптар табыс етілді.

Ел ардақтысын қастерлеу парыз. Тума талант, халықтың ұлы туралы белгілі ақын-жазушыларымыз өздерінің жыр жолдарын арнаған екен.

Көрінуші ең көнелердің көзіндей,

Жазғандарың — қара өлеңнің сөзіндей,

Асқақ едің, атақты едің, Нар едің -

Туған өлкең — өр Алтайдың өзіндей, - деп ақын Серік Тұрғынбеков жырлағандай Шәкәрім атындағы университеттің, музыкалық колледждің өнерпаз, білімді жастары Оралхан Бөкей прозаларынан үзінді оқып, жырдан шашу шашты.

Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығы, «Бір ел – бір кітап» акциясы туралы оқырмандарға түрлі жаднамалар, дайджест-ақпарат, буклеттер, библиографиялық әдебиеттер тізімі құрастырылып, таратылды.

Шараға бұқаралық ақпарат құралдары қатысып, «Семей-Қазақстан» телеарнасында бүгінгі өткен шара туралы көрсетілді, мақала берілді.

Түйіндей келгенде, өмірден ерте кеткенімен артына мол әдеби мұра қалдырған Оралхан Бөкей ұлттық әдебиетіміз бен көркемөнерімізде өзіндік орны бар ірі суреткер. Жазушының адам сезімінің тұңғиығына, жан дүние тереңіне, ой-арманына үңілген шығармалары туған халқымен бірге жасасып, оның рухани игілігіне қызмет ете береді. Оралхан Бөкейдің шығармашылығын пір тұтатын барлық кітап сүйер қауымды жазушының «Қайдасың, қасқа құлыным» атты шығармасын оқуға насихат шаралары бұдан әрі жалғаса бермек.

LAST_UPDATED2