Абайұлы Тұрағұл (1876-34)
13.06.2012 19:30

1Әдебиет зерттеуші, аудармашы, қоғам қайраткері. 1875 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Шыңғыстауда туып-өскен, Шымкентте ауырып қайтыс болған.

Абайдың кіші баласы. Жас кезінде мұсылманша, орысша сауат ашқан, кейінде өзі ізденіп орысша, арабша білімін жетілдірген. 1904 жылы Кішік Тобықты еліне болыс болып сайланып, өз арызымен босайды. 1916 жылы Шыңғыс елінің болысы Біләл Құнанбаевқа кандидат болып сайланады. 1917-20 жылдары Семей өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі жауапты қызметтер атқарады, облыстық комитет мүшесі болып сайланады.

 





2

Суретте: Абай және оның балалары Ақылбай (сол жақта) мен Тұрағұл. Семей 1896 жыл.



Әкесі мен Оспан, Әбдірахман, Мағауия ағалары қайтыс болғаннан кейін Құнанбай әулетінің басты адамы ретінде жергілікті билікке араласқан.

1922 жылдан біржола шығармашылық жолға бет бұрған Тұрағұлдың әдеби мұраларының ішіндегі ең құнды еңбегі - «Әкем Абай туралы» деп аталатын естелігі.

Шығармаларының негізін көркем аудармалар құрайды. А.М.Горькийдің "Челкаш" әңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, 1924жылы "Таң" журналына бастырады. А.Неверовтың "Мен өмірге жерікпін", Джек Лондонның "Балалық туралы ертегі" атты т.б. аудармалары бар. Жазған өлеңдері бар. Немере ағасы Кәкітаймен бірге әкесі Абайдың шығармалар жинағын Петербургтен алғаш рет кітап етіп шығарды. Ақын ретінде де танылып, бірқатар өлең жазған.

3

Суретте: Кәкітай Ысқақұлы, Әбдірахман Өскенбаев, Тұрағұл Ибрагимов, Мағауия Ибрагимов.


Тұрағұл домбырада, скрипкада шебер ойнаған адам. Оның қызы Мәкен әкесінен үйренген Абайдың 17 әнін нотаға түсірткен.

Тұрағұл Ибрагимов - меншік малы конфискаға жетпесе де, саяси сенімсіз адам, бай, феодалдың баласы есебінде мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылып, ауыр азап кешіп жүріп қайтыс болған.

1928 жылы Шымкентке жер аударылып, 1934 жылы сол өңірде өмірден өтті.

Әдебиет:

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. – Астана : Фолиант, 2011. – Б. 15-16.

Қосымша әдебиеттер:

Ердембеков, Б. Кәкітай [Мәтін] // Семей таңы. - 2009. - 22 қазан. - Б. 3.

Еспенбетов, А. Тұңғыш жинақ Абайтанудың алғашқы қарлығашы [Мәтін] // Абай.- 2009. - №3. - Б. 6-10.

Қадырова, Л. Тұрағұлдың тәркілеуге түскенін айғақтайтын құжаттар табылып отыр [Мәтін] / Л. Қадырова // Дидар. - 2010. - 29 мамыр. - Б. 5.

Қайратұлы, Б. Абайдың алғашқы кітабы [Мәтін] // Дидар.- 2009.- 1 мамыр. – Б. 3.

Омаров, А. Асыл мұраның жүзжылдық салтанаты [Мәтін] // Абай. – 2009. - №3. – Б. 14-18.

LAST_UPDATED2