24.01.2011 20:22

 

Жазушы ғұмыры

Қайым (Ғабдулқайым) Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Ертіс өзенінің сол жақ жағалауындағы «Заречная Слободкада» қазіргі Жаңасемейде) дүниеге келді.

Адам болмысы мен танымының қалыптасуы нәр алып сусындап өскен ортасымен тығыз байланысты болмақ. Есейген ортасының рухани құнарлы болуы - адам болашағының ғибратты болмағының кепілі. Қайым Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлының шаңырағы зиялылардың бас қосып кездесетін ордасы болды. Ауқатты әке Семей қаласында шығып тұрған газет-журналдарға демеушілік қызмет жасайды. Бұл жөнінде Қ.Мұхамедханов естелігінде былай дейді: «Әкемнің сол жағалаудағы еңселі шатырлы үйі халқымыздың арғы-бергідегі бетке ұстар қаймақтары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Шәкәрім, Көкбай, Иса, Әміре, Мұхтар, Халел Ғаббасов, Мәннан Тұрғанбаевтар жатып, кеңесетін думанды отау болыпты». Қ.Мұхамедхановтың Алаш қаласы атанған Семей топырағында дүниеге келіп, рухани құнары мол ортада тәрбиеленуі оның биік белестерге көтерілуіне айрықша ықпал етеді.

Мұхамедханов 1924 жылы Жаңасемейдегі бастауыш қазақ мектебінде білім алады. Алғаш хат танытқан ұстазы Тұрлықан Қасенұлының ұлағаты да жас таланттың талабының ұшталуына негіз болады.

Сен маған сегіз жастан танытқан хат,
Өмірде мынаны сүй, мынау деп жат.
Талпынтып мені әлпештеп өсірген сен,
Баулығын балапандай темір қанат

- деп болашағынан мол үміт күттірген жас Қайымның тырнақалды туындысының ұстазына арналуында зор мән бар еді.

1928 жылы дәулетті әке мүлкі кәмпескеленіп, қуғын-сүргінге ұшырайды. Бұғанасы бекімеген бала Қайым жетімдік, мұқтаждықты басынан кешіреді. Талан-таражға түскен әке үйі мектепке айналдырылады. Қ.Мұхамедханов 1929-32 жылдары колхоз жастары мектебінде, 1932-35 жылдары әр түрлі мекемелерде техникалық жұмысшы болып істейді.

1938 жылы Семей педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Оны үздік бағамен аяқтап, оқытушы болып жұмыс істеуге жолдама алады. Ұстаздық қызметін жалғастыра жүріп, Семей қаласында Абай мұражайын ұйымдастыру, қалыптастыру ісіне белсене араласады. Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлымен бірлесе отырып, мұражайда ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды заттар, қолжазбалар, құжаттарды жинастырады. Бүгінде кемелденіп қорық-мұражайға айналған үйдің ғылыми әдеби ортасының қалыптасу ісі де Қ.Мұхамедхановтың табандылығымен жүзеге асты.

Қ.Мұхамедханов - 1940 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Осы жылдардан өнімді шығармашылық жолы басталған Қ.Мұхамедханов «Абайдың әдеби мектебі» деген жалпы атпен Ақылбай, Мағауия, Әубәкір, Әріп ақынның өмірі мен шығармашылық жолдарын зерттеп жазған мақалаларын баспасөз беттерінде жариялай бастайды. Абай мұрасының зерттелу, тану мәселесінің дұрыс жолға қойылуына белгілі абайтанушылармен қатар Қ.Мұхамедханов та үлес қосты. Қ.Мұхамедханов 1947 жылы Семейдегі Абай мұражайының директоры қызметіне тағайындалады. Бұған дейін басшылық әр ай сайын ауысып, мұражай ісінің жандануында тиянақ болмады. Мұражай үйінде Абай шығармашылық мұрасының жиналу, насихатталу, зерттелу ісі ретті тәртіпке түспей, керісінше қызыл қоғамды дәріптеу басты орында тұрды. Мұражай жұмысын дұрыс ұйымдастырып, абайтану ісінің ғылыми орталығына айналдыру тікелей Қ.Мұхамедхановтың көреген басшылығымен жүзеге асты.

Ұлы ақынның шәкірттерінің мұраларын жүйелеп, әдеби айналымға енгізу мақсатында Қ.Мұхамедханов қыруар жұмыс атқарады. 1951 жылы 7 сәуірде М.О. Әуезовтің жетекшілігімен «Абайдың әдебиет мектебі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Бұл қорғау Абай мұрасын зерттеу жөніндегі айтыстың тууына себепші болады. Қазақ КСРО Ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар Одағы Президиумдарының «Қазақ әдебиетінің классигі А.Құнанбаевтың өмірі мен творчествосын ғылыми жолмен зерттеу жөніндегі айтыстың қорытындысы туралы» біріккен қаулысында диссертант еңбегі теріс бағаланады. Ұлтшылдық - буржуазиялық концепцияны көздеген деген желеумен Қ.Мұхамедхановты 25 жылға бас бостандығынан айырады.

1954 жылдың 9 желтоқсанында Қазақ ССР Жоғары Сотының Қаулысы бойынша Қ.Мұхамедхановқа қатысты сот үкімі күшін жойса да, саяси тұтқынды босатуға асықпады. Тек 1955 жылы ғана азаттық алып, еліне қайтып оралады.

Оның қаламынан М. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы жайлы: «Ұлы заманның ұлы жазушысы», «Қаламгердің қолжазба мұрасы жайында», «М.О.Әуэзов – семинарист» Пушкин, Лермонтов, Тарас Шевченко жайлы мақалалар, драмалық жанрдағы шығармалар, әзірбайжан және татар классиктерінің әдебиеттерін аударды. Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаевпен бірігіп Қазақ КСР-нің алғашқы мемлекеттік әнұранының мәтінін жазды. 1996 жылы "Абай" энциклопедиясын шығарудағы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі.

1990 жылдан Қайым Мұхамедханов – Абай мұражай-қорығындағы «Абай және қазақ мәдениеті» халық университетінің ректоры.

1940 жылдан СССР Жазушылар Одағының мүшесі. Халықаралық Абай     Академиясының алтын медалінің лауреаты (Лондон, 1995 ж.),

Қазақстан жазушылар Одағындағы Халықаралық Абай Академиясының алғашқы лауреаты (1996 г.),

Қазақстан жазушылар Одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының алғашқы лауреаты (1996 г.).

Семей қаласының, Аягөз, Абай, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы. Абайтанушы, ақын, драматург, аудармашы, ұлағатты ұстаз, профессор Қайым Мұхамедханов 2004 жылдың 30 шілдесінде 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Семей педагогикалық институтында оқытушылық қызметін қайта жалғастырған Қ.Мұхамедханов Абайдың ақын шәкірттері мәселесі әлі де тиым салынған жабық тақырып бола тұрса да, ғылыми зерттеу нысаны етуде табандылық танытып, Абай шығармаларының текстологиясы жайында ғылыми еңбек жазуға кіріседі. 1959 жылы басылып шыққан «Абай шығармаларының текстологиясы» еңбегі бүгінде абайтану саласының маңызды бөлігін құрайды. Айтқаныңның барлығы саяси қалыпқа салынып, «өз халқыңды мақтан тұтқаның үшін ұлтшыл атанатын заманда» Абай мұраларына қайыра ден қоюуы Қ.Мұхамедхановтың ерік-жігерін танытады.

Бастаған ісін жалғастырып, 1959 жылы «Абай төңірегіндегі ақындар» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғап шығады. Осы ғылыми еңбегінде диссертант Абай мұрасын, әдеби мектебін ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды. Абайдың ақын шәкірттері шығармаларының халықтық мәнін, реалистік сипатын ашып, әдеби мектеп ретіндегі қызметін нақтылайды. Түрмеден босап келген соң Қ.Мұхамедханов жарты ғасырға жуық Семей педагогикалық институтында оқытушы болып қызмет атқара жүріп қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми зерттеу мақалаларын да жариялайды.

Абайтанушы, ақын, драматург, аудармашы, ұлағатты ұстаз, профессор Қайым Мұхамедханов 2004 жылдың 30 шілдесінде 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ғұмырының басым бөлігін азапта, тартыс-күресте өткізді. Бірақ Қ. Мұхамедханов мұның біріне де мойымай ақырғы деміне дейін абайтану ғылымына абыройлы қызмет етті.

Поэмалары

Қайым Мұқамедханұлының әдеби мұралары жинақталып, бас-аяғы бүтінделіп, бір арнаға түсірілген жоқ. Баспасөз беттерінде жарық көрген, жанұялық қорында сақталған шығармаларын топтап айналымға енгізу - әдебиеттану ғылымындағы кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Қазірде Қайым Мұхамедханұлының кең көлемді екі шығармасы белгілі: Бірі – «Жамбыл» атты толғауы, екіншісі – «Орындалған өсиет» атты поэмасы. «Жамбыл» атты толғауы 1938 жылы жарық көрді. Абайға арналған «Орындалған өсиет» атты поэмасы баспа жүзінде жарық көрмеген, Абайдың республикалық мәдени-тарихи, әдеби-мемориалды қорық мұражайының қорында сақтаулы.

«Жамбыл» атты толғаудың басты кейіпкері қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаев. Туынды тақырыптың мазмұны жағынан, негізгі идеясы, көркемдік мақсаты жағынан өнер адамын ашып көрсету, оған деген халық құрметін паш ету.

Абайға арналған «Орындалған өсиет» поэмасы 1940 жылы жазылған, тақырыптық мазмұны жағынан, негізгі идеясы, көркемдік ерекшелігі жағынан өнер адамын дәріптеу, халқының ақынға деген құрмет мейірін жеткізу. Қ.Мұхамедхановты ақын ретінде арнайы зерттеуіміздің де себебі осында.

Жалпы Қ.Мұхамедхановтың өлеңдеріндегі ерекшелік, нені жырласа да қарапайым сөздермен өз ойын бейнелі, әсерлі, мәнерлі жеткізуінде.


Әдебиеттер тізімі:

Абайділдин, Т.  Қайым Мұхамедханов // Семей таңы. - 2003. - 10 қаңтар.

Жұртбаев, Т. Қайымның қағидалары // Қазақ әдебиеті.- 2006.- 16 қаңтар.

Қабышқызы, М. Қайым Мұхамедханов: Абайға өмірінің ақырына дейін қызмет етемін. // Үш анық. - 2001. - 2 б.

Сабырбай, Қ. Қайыңдай Қайым // Семей таңы 2003.- №2.- 10 қаңтар.

Сейсенұлы, Д. Абайдың аманатын ақтадық па? // Егемен Қазақстан. - 2003. - 6 қаңтар.

Смағұлова, А. Қайым Мұхамедханов поэмаларының ерекшеліктері // Ақиқат. - 2005.-№11.

Обновлено 24.01.2011 20:31