Абайұлы Мағауия
13.06.2012 19:08

1Ақын.

1870 жылы туған.

Мағауия Абайұлы - ұлы ақынның Ділдәдан туған кенже баласы. Жасында молдадан оқытқаннан кейін, Семейдегі Городское училище деген орысша мектепке оқуға түсіреді. Мағауия екі-үш жыл оқығаннан кейін науқасқа шалдығып, оқи алмай ауылға қайтады. Осыдан кейін де әкесінің қасында жүріп, өздігінен ізденіп білімін толықтыра береді. Өз ауылындағы мектеп-медреседе оқып, білім алды. Әкесінің ақындық қасиетін қадірлеп, өзі де ақындыққа беріледі. Мағауия әдебиет тарихында абайлық дәстүрді бойына мол сіңірген ақын болып қалыптасты, нәзік лирикалық өлеңдер шығару, сюжетті поэмалар жазуды әкесі Абай ақынның өнегесінен алды. Абайдың ақылының арқасында «Еңлік-Кебек», «Абылай» және «Медғат-Қасым» поэмаларын жазады. Өз махаббаты үшін күресіп, құрбан болған Еңлік пен Кебекті келер заман жастарына үлгі етіп жырлайды.

«Еңлік-Кебек», «Абылай» поэмалары қолжазба күйінде қалып, оқушыларға таралмаған.

«Медғат-Қасым» поэмасының тақырыбы қазақтан жырақ, алыс елдерден, яғни Африка өмірінен алынған.Сол елді мекендеген адам қауымын реалистік шындық тұрғысынан көрсетеді.

Осылайша поэзияның үлкен үлгісін шебер танытқан Мағауия осындай романтикалық поэманы қазақ әдебиетіне кіргізді. Сол кездегі өнерлі жастар осы поэманы жаттап алып, әнге қосты.

Небәрі 34 жыл жасаған Мағауия шағын ғұмырында қазақ әдебиетіне мұра боларлық тамаша туындылар тастап кетті. 1904 жылы 14 мамырда қайтыс болған Мағауия Ақшоқы мекеніндегі Құнанбай бейітіне жерленді.

Әдебиет:

Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. – Астана: Фолиант, 2011. – Б. 15.

Қосымша әдебиеттер:

Абайдың ақын шәкірттері [Мәтін] : 1-ші кітап. - Алматы, Дәуір, 1993. - Б. 84-169.

Мағауия Құнанбаев // Абай : Энциклопедия.- Алматы: Атамұра, 1995. - Б. 391-392.

Сәдуақасұлы, Ә. Тарихыңды танып біл. - Алматы: Шартарап, 1996. - Б. 19-20.

 

 

Мағауия Абайұлы Құнанбаев

(1870-1904)


Мағауия Абайұлы Құнанбаев - Абайдың жиырма бес жасында, Ділдәдан туған кенже баласы. Жас шағында Абай бұны ауылда мұсылманша аз оқытқаннан кейін қалаға апарып, Семейдегі городское училище дейтін орысша мектепке түсіреді. Мағауияның алдында орысша оқуға берген ағасы Әбдірахман Түмен қаласында оқып жүреді. Мағауиямен бірге Күлбадан деген қызын да орысша оқуға береді. Мағауия екі-үш жыл оқығаннан кейін жұқарып, науқасқа шалдыға бастайды. Содан амалсыздан оқуды тоқтатып, ауылға қайтады. Осыдан соң үнемі Абайдың қасынан қалмай, әкенің тәрбиесінде болады. Бұның жастық шақтарында Абай орысша кітап оқуға барынша ден қойып, өздігінен мол ізденеді. Сонда Абаймен ілесіп, Мағауия мен Кәкітай екеуі де орысша кітапты Абайша қатты зер салып оқиды. Жаз сайын келіп жүретін Әбдірахманның да оларға көмегі көп болады. Сонымен, Мағауия оқымысты жастың бірі болады. Ол әкесіне ел жұмысында да үлкен серіктік етеді. Ерекше адамгершілік тазалығы бар, өте бауырмал және кең мінезді, әділеті мен ары зор, ерекше қасиет иесі адам болады. Ел көпшілігі Абайдың билігімен қатар бертін кездерде Мағауияның әділ көмегін де көп көреді.

Әкесінің ақындық еңбегін аса қадірлеп, жақсы білген, ұғынған Мағауия өзі де Ақылбай, Көкбай сияқты ақындық еңбекке беріледі. Бұның жазған ұсақ өлеңдері Әбдірахманның науқасына байланысты көңіл-шері есебінде, өз орталарына аса мәлім болады. Сонымен қатар Мағауия Абайдың мәслихатымен және материал беруімен пайдаланып, бірнеше поэма жазады. Ол жазған поэмалар: «Еңлік-Кебек», «Абылай» және «Медғат-Қасым». «Еңлік-Кебек», «Абылай» поэмалары қолжазба күйде сақталса да, оқушыларға тарамаған... «Медғат-Қасым» поэмасының тақырыбы да қазақтан жырақ, алыс елдер өмірінен алынған. Ақылбай ізденген жолменен тың тақырып, мазмұнды да Мағауия Африка елінің болмысынан алады:

«Бір әңгіме қозғайын ойымдағы,

Мақсат болды әшкере болынбағы,

Бай мейірсіз ер құлдан саза тартқан,

Африкада, Ніл дария бойындағы...» -

деп сөз бастайды. Поэмадағы тартысқа араласатын адамдарының жайын да әңгіменің басынан-ақ таныстыра кіріседі. Мейірсіз байдың ер құлдан саза тартқанын әңгіме етемін деп, ақын өз тақырыбының айшығын танытады. Осыдан соң оқиғаның болатын географиялық ортасын танытып, Африканы, Ніл дариясының жағасын, оның айналасында тоған салып кәсіп еткен Мүлік нәсілін әңгімелейді. Осылайша поэма тақырыбын оқушыға алдын-ала таныс ете көрсету үшін шығыс әңгімесінің үлгісі емес, Ақылбайдың Кавказ тауын, Дағыстан жерін, соғыста ойран болған қалаларын суреттеуден бастап өз геройына біртіндеп, белгілі бір күнге, арнаулы бір мезетте, ерте сәскеде көз салатыны сияқты. Мағауия да; «Медғат-Қасым» поэмасында жаңағыдай жер мекендерін айтып, ол өлкеде кәсіп еткен адам қауымдарын айтып, өте дәл реалистік шындық көрсетеді. Абайдың өзі сияқты, бұл ақындар да Европа және орыс классикалық поэзиясының дәстүрінен үлгі алған. Ол дәстүр көбінесе конкрет түрдегі дәлдікті, нақтылы шын халді сүйеді. Шығыс әңгімесі болса, бірі айтылса болады, одан ары өмірлік дәлдік ескертілмейді. Мағауия тек бұл айтқан жайда ғана емес, поэмасының кейін көрінетін барлық құрылыс, стилі мен сюжеттік, образдық мәдениет өрнегімен және қазақ поэмасына кіргізген көркемдік жаңаша шеберліктері мен орыс поэмаларынан көп үлгі алғанын айқын танытады...

«Медғат-Қасым» поэмасы да - романтизм сарыныңдағы поэма. Бірақ негізгі стилі солай бола тұрса да, бұл поэманың реалистік шындықпен өмірге жанасымды, қонымды берген тартыстары, мінездері (характерлері) дәлелді көркемдікке сүйенген. Романтизм негізгі сарыны дейтініміз бұл поэманың үлкен желілері және де бір-екі сезіммен түйілген геройлардың іс-әрекетінен туады. Ол сезімдер бұл поэмада да геройларды өздеріне нық бағындырады. Ішкі дүниелерін, сөз ойларын, мінез-қиялдарын және тартыс армандарын бір араға түйеді... Кейін шыққан шығармалардың ішінде осы «Медғат-Қасымнан» көркемдігі және әсіресе идеясы, ойы зор еңбек жоқ деп айтуға болады. Бұнда Мағауия үлкен ізденгіштік, ағартушылық және қоғамдық озғын идеялы, ірі мәдениеттілікпенен жақсы үйлестірген. Қасымның кек алу жолында істеген мінездері өмір шындығына анық үйлеседі. Шығарманың адам мінезіне байланысты негізгі тақырыбы, идеясы осы болғанда, бұл бір Қасымның басының ісі емес. Поэмадағы осы жөніндегі тартыста үлкен обобщениелік қасиет бар. Осылайша анық классикалық поэзияның үлкен үлгісін шебер танытқан Мағауия өлең, теңеу, сөздік жағынан да өз шығармасының төркін-тегін, жеке реальностарыменмен жақсы аңғартып отырады. Оқушы бұл шығарманы жазған адам анық оқымысты, білікті ақын екенін поэманың ішкі-сыртқы мазмұны, жалпы стилі, тілі сияқты үлкенді-кішілі элементтерінің барлығынан толық тани алады.

Ақындық мектеп тек ұстаз ақынның өзі тапқан жол, жаңалықты қайталап қана қойса, ол аз болар еді. Абай берген бағыт бойынша ізденген шәкірт ақын Мағауия осы шығармасында Абайдың өзі жазбаған анық сюжетті поэманы туғызады. Ақылбай мен екеуі де романтикалық поэманың стилін қазақ әдебиетіне әкеліп кіргізгенде, анық соны, жаңа, жақсы ағым қосты деу керек. Сонда Ақылбай шығармасыңда идея жағынан, жоғарыда біз айтқандай, кемшіні қайшылық болса, Мағауия өз шығармасында бұл жөнде де ілгерілеп түсіп, анық бағалы табыс әкеледі. Егер сол Абай, Мағауиялар уақытында қазақтың баспасөзі болып, сыншылық, зерттеушілік, әлеуметшілік ойы өскен болса, Мағауияның осы поэмасының орны қазақ әдебиетінде 19 ғасырдың соңында шыққан жаңалықтардың көрнекті тұрғысының бірі деп атауға жарар еді.

Абайдың өз маңындағы өнерлі жастар «Медғат-Қасымды» шынында, дәл осы біз айтқандай бағалай білген. Мүрсейіт сияқты Самарбай, Дайырбай, Махмуд бар және басқа көп көзі ашық жастар «Медғат-Қасым» поэмасын да, Абайдың өлендерінде жиі көшіріп, көп таратқан. Ал, Мұқа, Әлмағамбет сияқты әнші өнерпаздардың бәрі де, олардан бері замандағы жастар, жаттап алып, әнге салып жырлап айтады. Осындай оқушы мен тыңдаушыға бағалы болғанқасиеттердің себебінен «Медғат-Қасым» поэмасы жоғалмастан және де бір жолға ауысып, ұмытылмастан біздің заманымызға түгел жетіп отыр.

«Медғат-Қасым» - Мағауияның ең соңғы поэмасы. Бұдан бұрын Абайдың тақырып етіп, шәкірт достарына тапсырыс беруі бойынша, Мағауия қазақ өмірінің өзінен алып, тағы бір поэма жазған. Бұл қазақ тарихындағы сарттық болмыстан туған «Еңлік-Кебек» жайындағы қоспа поэма болатын. «Еңлік-Кебек» - Мағауияның алғашқы жазған шығармасы. Өлеңдік жағынан ол әлі поэма тіліне жете шеберленбеген күйді танытады. Тілі тұтқыр және анық поэзиялық шеберлігі жағынан олақтау келген сырт құбылыс байқалады. Бірақ идея жағынан қарағанда, бұл поэманың да өзінше өз тұсындағы ақындардың шығармаларынан оқшау тұрған, озғын жайы бар. Сол ерекшеліктің үлкені - Кеңгірбайдың образын, ісін бейнелеуде айқын көрінеді. Мағауияның уақытында, рушылдық салт бойынша тобықтының аруақ тұтып, қадірлейтін атақты биі – Кеңгірбай болатын. Заманында оның істеп кеткен озбыр, содыр істері болса да рушылдық, ақсақалдық салт-сана бойынша кейінгі ұрпақ Кеңгірбайды сынамастан «баба» деп, «би» деп қадірлейтін. Абай болса, қазақтың бұндай ескілікті кертартпа санасына өзінің сыны мен ақылын билеткен, бағындырған емес. Ол Кеңгірбайдың өз заманындағы парақорлық сияқты арамдықтарын ашып айтып, әшкерелеп жүретін. Еңлік пен Кебектің өліміне себепші болған - Кеңгірбайдың билігі. Ол осы билікті Матайдан пара алып айтты деп деп сынайды. Жаңа буынның сыншыл, әділетшіл, гуманистік талабын өзіне ең үлкен мақсат етіп, өткен заманның үлкен авторитеттерімен трагедиялық істерін батылдықпен ашып, әшкерелеп жырлайды.

Еңлік пен Кебектің тағдырын шешкен түп себепті айта келіп, Мағауия:

Тобықтыда сол күнде Кеңгірбай би,

Қыз қыз қайнынан астыртын алыпты сый.

Айтады қыз кайнына бітім жерде,

Әуелі ұстап алып, қызыңды тый...

деп, биліктің сырын ашады.

Кейін сол билік бойынша Еңлік пен Кебек өлтірілген соң, ақын өзінің ызалы сынын Кеңгірбайға бұрады:

«Қылжырлықтан атандың биім»Қабан»,

Қабан түбі шошқа ғой, білсең надан.

Үлкен билік алдында сөйлесермін

Жазасы не болады бидің арам!..» - дейді.

Бұрынғы ру авторитетіне мұншалықты батылдықпен өкім айтуға жеткен ақындық сана, Абай тұсындағы жас талапкерлердің ойлары, ізденулері қаншалық кең өріске, үлкен азаттыққа жеткенін көрсетеді. Адамгершілік, гуманистік сарын бұл поэманың соңыңда Еңлік пен Кебектен қалған жас нәрестенің өлім халін айтудан да көрінеді:

«Балаға ешбір пенде қарамапты,

Тобықты неткен жандар діні қатты,

Шеткі Акшоқы басында бесігімен

Деседі бір күн бойы жылап жатты...», - деп бітіреді. Поэманың осы соңғы жолдары да надан заманның, қараңғы ортаның қатал мінездеріне қарсы айтылған ашулы өкім есепті болады. Осылайша образдарды бейнелеуде, өткеннің қараңғылығын сынап көрсетуде, адамгершілік талабын ең үлкен мақсат, арман етіп биік сапада танытуда Мағауияның бұл поэмасы да өз уақытындағы бағалы еңбек болатын.

Әдебиет:

Әуезов, М. Мағауия Құнанбаев [Мәтін] // Абай : Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 1995.- Б. 391-393.

 

LAST_UPDATED2