Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздік символы» атты ертеңгілік ұйымдастырылды.
06.06.2012 22:48

Ата – бабамыздың аңсаған арманы, алдына қойған мақсаты болған тәуелсіздікке қолымыздың жеткеніне өткен жылдың аяғында ғана 20 жыл толды. Мерейтойды мерекелеу Мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығын атап өтумен жалғаспақ. Қазақстанның әлемдік деңгейдегі әрбір жетістігі, оның беделінің артуы Мемлекеттік әнұранның орындалуымен хабарланып, біздің көк байрағымыз бұлтсыз аспан астында желбіресе, елтаңбамыз ел төрінде жарқырай түспек. Бүгінгі күні мемлекеттік рәміздерді насихаттау өскелең ұрпақты патриоттық және Отан алдындағы жауапкершілік рухта тәрбиелеу маңызды екендігі баршамызға мәлім. Бұл атаулы күн Балалар және жасөспірімдер кітапханасында да өз жалғасын тапты. Сол шаралардың бірі маусым айының 5-і күні қаламыздағы №34 мектептің «Балдәурен» жазғы лагердің оқушыларының қатысуымен «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздік символы» атты ертеңгілік ұйымдастырылды. Ертеңгіліктің мақсаты: Балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін нығайтып, мемлекеттік рәміздерді насихаттап өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.

Ертеңгілікті кітапханашы Жукенова М. жүргізді. Ертеңгілік әнұранмен басталды. Кітапханашы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін экраннан слайд арқылы көрсете отырып таныстырды. Келесі кезекте №34 мектептің «Балдәурен» жазғы лагердің оқушылары «Рәміздерім –

мақтанышым» атты әдеби – монтаж қойды. Кезек көңілді әнге ұласып, осы мектептің 5 сынып оқушысы Түсіпжанов Алихан «Қазақстан» әнін нақышына келтіріп орындап берді. Балаларға арналған қызықты викториналық ойындар да қызықтыра түсті. «Тосын сый» мұнда шардың ішінде сұрақ пен сыйлық болды. Дәл тауып айтса, сыйлықты ұтып алады, ал таба алмаса көрермендерге кезек берілді. «Қазақстан» сөйлеміне сөздер құрау ойыны да ерекше болды. Бұл ойын интерактивті әдіспен слайд арқылы ойнатылғандықтан оқушылар қызығушылықпен қатысып отырды.. Сондай-ақ №17 мектептің 3 сынып оқушысы Түсіпжанова Айым «Таң шуағы» биін көрермендерге сыйлады. Ертеңгілікті №34 мектептің 4 сынып оқушысы Кайроллин Нұрым Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқтады.

Кітапхананың оқу залында «Мемлекеттік рәміздер» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.