Асыл мұра - Кітап мерекесі
26.04.2012 21:45

Семей қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі барлық кітапханалар тәрізді оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда. Біз отыз бес жылдық тарихы бар асыл қазыналар мекенінде еңбек етіп, барлық жарқын істерді халықпен бірлесе атқарып жатқанымызды мақтан етеміз.

            Жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін аялай, ардақтай білуде тәрбиелеу кітаптың еншісінде.

            Осыған орай кітапхана ұжымы да ұлтымыздың ұлы мұраттары мен мақсаттары жолында кітапхана оқырмандардың рухани байлығын арттырып, халықтың салт-санасын қалыптастыруда шығармашылықпен жемісті еңбек етіп келеді.

            Рухани байлық кітап оқу арқылы молаятындықтан, бүгінгі таңда жас ұрпақты кітап оқуға баулуды түрлі шаралар арқылы жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз.

           Міне, осы мақсатта жас оқырмандардың арасында Орталықтандырылған кітапхана жүйесі 2003 жылдан бері 1967 жылдан бастап Балалар кітабы жөніндегі халықаралық кеңестің шешімімен Данияның әлемге әйгілі ертегішісі Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай Әлемдік балалар кітабы күні болып тағайындалған - 2 сәуір мен 1995 жылы Парижде өткен Бас Ассамблея конгресінің шешімі бойынша Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні болып жарияланған - 23 сәуір мерекелерін бірлестіре отырып, бір ай төңірегінде Қалалық Кітап мерекесін өткізуді дәстүрге айналдырған.            

 

Кітап - атадан қалған асыл мұра, көненің көзі, ескінің сөзі. Ол - мәңгілікке сапар шеккен ақыл ескерткіш. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің сөзімен айтқанда «Әр адамның өмірлік досы».

            Биылғы бұл ауқымды шара осы ұлы жазушы, драматург, әдебиетші-ғалым, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 115 жылдығына арналды. Асыл азамат Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің мерейтойы – тәуелсіз еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиға. Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен үлкен суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі.

           Келер ғасырда да кемелдене беретін кемеңгер М.Әуезов – бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің іргесін нығайтып жатқан жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игілігі деген оймен Кітап мерекесі аясында балалардың «Жұлдызды жол» көркем сөз оқу байқауы, «Мұхтар әлемі» жас ақындар және «Туған өлкем» мәнерлеп оқу шығармашылық сайыстары өткізілді.

       Байқауға қатысқан үміткерлерді бағалауға арнайы әділқазылар алқасы құрылып, жұмыстармен жете танысып, сарапқа салып бағаларын беріп, жеңімпаздарды анықтап 24 сәуір күні Балалар және жастар шығармашылық сарайында өткен Кітап мерекесінің салтанатты кешінде осы жеңімпаздарымыз марапатталды.

Атап өтсек: 9-11 сынып оқушылары арасында «Жұлдызды жол» айдарымен өткен көркемсөз оқу байқауында М.О.Әуезов шығармаларынан үзінді оқып жеңімпаз атанғандар Ануарбекова Аяулы, Қалибекова Маржан, Есенова Нұрай болса,

5-6 және 7-8 сыныптар аралығында өткен «Мұхтар әлемі» атты жас ақындар сайысында Мұхтар Әуезовке деген шынайы сүйіспеншіліктерін өлең жолдары арқылы жеткізген жүлделі ақындарымыз Кенжебекұлы Ерсін, Тулеубекова Асель, Орынбасарова Арайлым, Жақсылықова Аяулым, Махметов Темірлан, Жакина Гүлімнің үстемдері биік болды.

Ал, кішкентай оқырмандарымыз яғни, 1-4 сынып оқушылары қатысқан «Туған өлкем» атты мәнерлеп оқу сайысының жеңімпаздары Қуанышева Әйгерім, Ишимова Зарина, Иқласова Заремалар көрермендердің ерекше ықыласына ие болды.

     «Нұр Отан» ХДП да мерекеден қалыс қалмай өз тараптарынан сайыскерлер Ерназар Мөлдір, Чубова Анастасия, Қуанышбекова Жансая, Бейсенгалиева Алинаны арнайы алғыс хаттармен аттап өтті.

   Жалпы осы мереке аясында кітапхана ұйымдастырған әр түрлі мерекелік шараларға қала және қала маңындағы 41 мектеп, 500 тақау оқушылар қатысты.

           Жастардың бетін кітапқа бұрып, ықыласын кітапханаға аудару мақсатында атқарылып жатқан шара, Кітап мерекесін өткізуде бірлесе ат салысып, көмек көрсеткен білім бөліміне, қалалық мәдениет сарайына, балаларға тосын сый жасап, қуанышқа бөлеген демушілеріміз «Радуга Семей» фирмасы мен «Альфа – Марино» студиясына алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да, кітап құдіреттін түсінетін осындай азаматтарымыздың қатары көбейеді деген ниеттеміз.

            Оқырмандар арасында қолдау тауып отырған Кітап мерекесі туралы ақпараттар жергілікті бұқаралық ақпараттық құралдары, мерзімді басылым беттерінде жарық көріп, телеарналар арқылы көрсетілді.

            Жалпы мұндай шаралардың өткізілуі өнерлі, жас таланттардың басын қосып, жастардың жан-жақты дамуына ықпал ете отырып, ұлттық әдебиетке деген оқырмандардың қызығушылығын арттырары сөзсіз.

 

Жас акындар сайысы

LAST_UPDATED2