Сәуірдің 11-13 аралығында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде Кітап мерекесі аясында қала және қала маңындағы мектеп оқушылары арасында балалар шығармашылығының сайыстары өтті.
13.04.2012 22:40

Биылғы Кітап мерекесі ұлтымыздың ұлы жазушысы, драматург, әдебиетші-ғалым, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 115 жылдығына арналып отырғандықтан көркемсөз оқу байқауы «Жұлдызды жол» айдарымен 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілді. Сайысқа қатысушылар М.О.Әуезов шығармаларынан үзіндіні жатқа оқыды.

Бұл сайыстың мақсаты Мұхтар Әуезов шығармаларының өміршеңдігін таныту, оқушылардың актерлік дарынын, шығармашылық қабілетін жетілдіру болды. Сайыскерлердің оқу мәнеріне, образда ойнау шеберлігіне мән берілді.

Көркемсөз оқу байқауын бағалаған әділ қазылар алқасы:

• Қазақстанның халық әртісі, Семей қаласы және Абай ауданының құрметті азаматы, Абай атындағы музыкалық драма театрының әртісі Имаханов Бекен;

• «Дариғай» жастар театрының сахна тілі маманы, М. Төлебаев атындағы музыкалық колледждің тіл мәдениеті мұғалімі Алепарова Мейрамгүл Ақшабекқызы;

• М. Төлебаев атындағы музыкалық колледждің сценарий шеберлігінің негізі мұғалімі Бейсханова Айшагүл Қалимбекқызы.


 

Мұхтар Әуезов туындылары әлемдік әдебиеттің айдынына мөлдір бұлақ болып кұйылып, күллі адамзатқа ортақ рухани қазынаға айналды. Осы орайда «Мұхтар әлемі» атты жас ақындар сайысы 5-6 және 7-8 сыныптар аралығында өткізілді. Жыр сайысында балауса ақындар көркемсөз зергері, қоғам қайраткері, Абайтанудың негізін салушы, түркі тілдес халықтардың фольклоры мен эпосын, тарихы мен әдебиетін зерттеуші Мұхтар Әуезовке деген шынайы сүйіспеншіліктерін өлең жолдары арқылы тебірене жеткізіп, тыңдармандардың ықыласына ие болды.

Қорытынды шығару үшін әділ қазылар ретінде жергілікті ақындарымыз қатысты:

• ҚР мәдениет қайраткері, «Халықтық ақындар орталығы» ақындар мектебінің жетекшісі, ең үздік бапкер-ұстаз Омарбаева Даметкен Серікбайқызы;

• Ақын, ғалым, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, филологиялық ғылымдарының кандидаты Сұлтанбеков Мұрат Рахымжанұлы;

• Ақын, республикалық «Абай» журналының бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Оспанов Мұратбек Қабиденұлы.

Төменгі сынып оқушыларының жас ерекшелігін ескере отырып «Туған өлкем» атты Шығыс Қазақстан облысынының 80 жылдығына арналған мәнерлеп оқу сайысы өткізілді. Бұл сайысқа 1-4 сынып оқушылары қатысты. Олар өз қалауымен танымал және жергілікті ақындардың өлеңдерін таңдады. Жас бүлдіршіндер жүректі тебірентер ақын өлеңдерін жаттап, нақышына келтіре мәнерлеп оқыды. Сайыстың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың өз Отанын сүюге, туған халқының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қастерлейтін саналы да парасатты азаматтар тәрбиелеу, еркін сөйлеу біліктілігін арттыру болып табылады.

Бұл сайысты бағалаған әділ қазылар алқасы:

• Халықтық ақындар орталығының ұстазы Молдабеков Серік Рысбекұлы;

• Абай атындағы музыкалық драма театрының әртісі Бикбаева Сәндібала Өртқалиқызы;

• Ақын, Халықаралық байқаулардың лауреаты, «АРБАТ» әдеби клубының жетекшісі Байгужинов Кенжебек Ақанұлы.

Бұл игі шара Семей жерінің талантты тумасы Мұхтар Әуезов шығармаларына тағы да бір қайта оралу болса, ал жазушы шығармасымен әлі танысып үлгермеген оқырмандарға ой салары хақ.

Осы байқаулардың қорытындысы Жастар және балалар шығармашылық сарайында сәуір айының 24 күні сағат 14.00-де өтетін Кітап мерекесінде жарияланып, жүлделі орындарға ие болған сайыскерлер марапатталады. Салтанатты түрде өтетін жарқын мерекеге баршаңызды шақырамыз!