Орталық қалалық кітапханада «Өмірім – өнерім» атты кездесу кеші өтті
10.04.2012 22:51

Кітапханамызда өнер саласында аянбай еңбек етіп жүрген тума таланттарымыздың бірі – сазгер-актер Сапарбек Әшімбекұлының туғанына 70 жыл толуына байланысты «Өмірім – өнерім» атты кездесу кеші Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка колледж студенттері және оқытушысы Б.Камзин және СМПИ «қазақ филология» факультет студенттерінің қатысуымен өтті.

Бүгінгі кешіміздің мақсаты: біздің өлкемізден шыққан өнер иесі Сапарбек Әшімбекұлының өмір жолдары, шығармашылығымен таныстыра отырып, әдебиетіміз бен мәдениетімізді құрметтеу, өнерді бағалау, аға буыннан үлгі-өнеге алуға баулу.

Мәдени шараны кітапхана қызметкері Ж.Жиенбаева өмір деректеріне тоқталып ашып, сөз кезегін мерейтой иесіне берді, Сапарбек Әшімбекұлы өзінің өнер жолы, әндері, шығармашылығы жайлы сыр шертті. Сондай-ақ мәдени шараның қонақтары Семейдің Абай атындағы музыкалық-драма театрының белгілі актерлары Б.Имаханов, Б.Төлеков және сазгер драматург Жұмабек Қамбаров шақырылып, сахна саңлағы туралы ой толғап, сазгердің шығармаларынан алғашқы әні «Келші, құрбымды» шырқады.

Қонақтардың жылы лебіздері мәдениет қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы, сомдаған рөлдерімен безендірілген арнайы слайд арқылы жалғасын тапты.

СМПИ студенті Сегізбаева Айдана Сапарбек ағаға арналған арнауын оқыса, ал Сапарбек Әшімбекұлы өзінің «Іңкәр сезім, әуендері» атты кітабын студентке сыйға тартты.

Сазге студенттер мен оқытушылар өздерінің сұрақтарын қойды.

Кітапхана қызметкері Л.А.Мадибаева «Өмірмен өрнектелген өмір» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, «Қазақстан композиторлары», Ә.Сығайдың «Сахна әлемі», Белгілі театр сыншысы Бағыбек Құндақбайұлының «Театр туралы толғау», театр тарихшысы Жұмабек Қамбаров ағамыздың «Сан сырлы сахна», сазгер-актер Сапарбек Әшімбекұлының «Іңкәр сезім, әуендері» атты кітаптарына кеңінен тоқталып өтті.

Кездесу кешінің соңында кітапхана директоры А.Ә.Шаймарданова мерейтой иесіне кітапхана ұжымының атынан үлкен алғысын айтып, М.Сәрсекенің кітабын сыйға тартты.


LAST_UPDATED2