Совет өкіметі жылдарындағы өндіріс орындары
14.03.2012 21:09

Совет өкіметі жылдарында Семей республикадағы ірі әкімшілік, маңызды экономикалық және мәдени орталықтардың біріне айналды. Мұнда жеңіл, тамақ, машина жөндеу және металл өңдеу өнеркәсіп салалары, құрылыс индустриясы дамыған. Әсіресе экономикасында жеңіл өнеркәсіптің үлесі басым; ірі кәсіпорындары: Семей "Болъшевичка" тігін өндірістік бірлестігі, Семей мәуіті-шұға өндірістік бірлестігі, Семей сырт киімдік трикотаж фабрикасы, Семей аяқкиім фабрикасы, Семей былғары-мех өндірістік бірлестігі, Семей жүн өңдеу фабрикасы, Семей киіз басу комбинаты, Семей мебель фабрикасы, шұлық, қолғап-трикотаж фабрикалары. Басқа салалардың маңызды кәсіпорындары: Семей арматура заводы, Семей асбест-цемент бұйымдары заводы, Семей цемент заводы, Семей құрастырмалы темір-бетон бұйымдары комбинаты, Семей бейруда материалдары комбинаты, Семей құрылыс материалдары заводы, Семей кеме жөндеу-жасау заводы, Семей «Қазақкабелъ» заводы, Семей ет-консерві комбинаты (техникалық қуаты жөнінен Одақта Москва мен Ленинградтан кейінгі 3-орын), Семей ұн-жарма-жем комбинаты.


Ертістің сол жағындағы бұрынғы Заречная слободкасында көптеген ірі кәсіпорындар, көп қабатты тұрғын үйлер салынып, Жаңасемей ауданы қалыптасты. Қаладағы бұрынғы кәсіпорындар мен мекемелер 90-жылдардың ортасында нарық экономикасының талабына сәйкес жекешелендірілді. Нәтижесінде Семейде ірі 42 өнеркәсіп орны пайда болды. Орта және шағын бизнес кәсіпорындары құрылып, олар импортты алмастыратын жаңа өнімдер шығара бастады.