СЕМЕЙ ЕТ-КОНСЕРВІ КОМБИНАТЫ
14.03.2012 20:57

2СЕМЕЙ ЕТ-КОНСЕРВІ КОМБИНАТЫ, М.И.Калинин атында - ҚазССР Мемлекетік агрөнеркәсіптік комитетіне қарасты кәсіпорын. 1934 жылы Семей мал сою пунктінің негізінде құрылған. Комбинаттың құрылысы жүріп жатқан жылдары мұнда Коммунистік партия мен Совет мемлекетінің көрнекті қайраткерлері С.М.Киров, М.И.Калинин, А.И.Микоян болды. Олар кәсіпорынның қалыптасуына көмегін тигізді. Құрамына қой етін тоңазытатын Үржар қасапханасы кіреді. Комбинат 300-ден астам (тағамдық, мед., тех. өнімдер, сүйектен, мүйізден жасалынған бұйымдар) өнім түрлерін шығарады. Оның сойыс малын ұстайтын базасы, мал сою, консерв, колбаса-кулинарлық, тоңазытқыш, медициналық аппараттар, техникалық фабрикаттар заводы және 18 қосымша цехы бар. Олар осы заманғы технологиялық жабдықтармен жарақтанған. Соңғы 30 жыл ішінде қосымша: №2 медициналық препараттар заводы, қосалқы трансформатор станциясы, консерв қоймасы, тоңазытқыш, тері тұздайтын, қаңылтыр, литография, жұмыртқа ұнтағын жасайтын цехтар салынып, компрессорлық цех кеңейтілді.

Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-45) кәсіпорын майдан мен тылға 103 мың тоннадан астам ет, 21 мың тонна колбаса өнімдерін, 100 млн. шартты консерв банкасын, 18,3 мың тонна азық концентраттарын жөнелтті. 1984 жылы комбинатта 50,1 мың тонна ет пен 1 категориялы өкпе-бауыр, ішек-қарын, 10,0 мың тонна колбаса өнімдері, 3,3 мың тонна жартылай ет фабрикаттары, 5 мың тонна құрғақ мал азығы, 65,0 млн. сомның шартты консерв банкасы, 6,86 млн. сомның медициналық және техникалық өнімдері өндірілді. Сойылатын мал Семей, Павлодар, Талдықорған, Шығыс Қазақстан облыстарынан, РСФСР-ден жеткізіледі. Комбинат республикада ет өнеркәсібі бойынша өндірілетін товарлы өнім көлемінің 11,8%-ін береді. Жалпы ет өнімін шығару жөнінен Одақта 3-орын алады. Кәсіпорында 28-ден астам ұлт өкілдері еңбек етеді. 91 адамы СССР ордендеріне және медальдарына ие болған (1984).

Дайын өнімдері еліміздің, республикамыздың қалаларына, сондай-ақ Венгрияға, Кубаға, Польшаға, Чехословакияға т.б. шет елдерге жіберіледі. Комбинат Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған (1944).

В.Н.Юсов

 

«Семей еткомбинаты» ЖШС жаңа кезеңде

12009 жылдың 5 қарашасында Семей еткомбинатының іске қосылғанына 75 жыл болды.

Қазіргі күні жаңа жабдықтарды енгізумен, технология үдерістерінің автоматтандырылуына және жұмыс орындарын ұйымдастырудың жетілдірілуіне байланысты кәсіпорынның техникалық деңгейі көтерілді. Өндірістік цехтар қайта құрылып, шұжықтарды қамдау, буып-түю үшін әлемдік көшбасшылар шығарған жаңа жабдықтар орнатылды.

«Семей еткомбинаты» ЖШС 200 жуық ет өнімі атауларының алуан түрімен және дәмділік қасиетімен ерекшеленеді. Бұл ет, ішек-қарын, жоғары сапалы шұжық өнімдері, деликатестер, сүрлер, ет консервілері, құрғақ мал азығы.

2003 жылы «Семей ет комбинаты» деген Жауапкершілігі Шектелген Серіктестік құрылды. «Мұнда ет өнімдерін шығару және өңдеу бойынша жаңа технологиялық жүйе, яғни, құны 215 млн. теңге тұратын «Шаллер» Австрия фирмасының қазіргі заманғы жабдығы орнатылды. Бұл жаңа технологиялармен комбинат әлі де биіктерге жетпек.

Қазіргі күні «Семей еткомбинаты» ЖШС мал өңдеуде, ет, шұжық және консерві өнімдерін шығарудағы арнайы3 кәсіпорын болып саналады. Комбинаттың өндіріс алаңында қолайлы көлік және темір жолдары бар. Шикізат дайындайтын жерлерге көліктің тура жетуі шығынды аз жұмсауға мүмкіндік жасап отыр. Бір ауысымда 35 мың ет консерві өнімін, ал шұжық, тартылған ет, тұшпараны 10 тоннаға дейін шығарады. Бір тәулікте 24 тоннаға дейін өнім шығарып, сатуға мүмкіншілік бар.

«Семей еткомбинаты» ЖШС «Халал» өнімін шығаруға және сатуға сертификат алды. Бұл өндіріс үшін соятын және шұжық өнімдерін өндіретін жаңа цех ашылды. Бұған дейін «Халал» өнімдері Шығыс Қазақстанға басқа аймақтардан әкелінетін.

 

Әдебиеттер

Қазақ ССР : Қысқаша энциклопедия [Мәтін] 4 томдық. Т. 2 / Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев . - Алматы : Қаз. Сов. Энцикл. Бас ред., 1984. - 648 б.

Нұғманбекова, Раушан. Ет белдеуіне бет алған "Приречное" агрофирмасы [Мәтін] // Дидар. - 2008. - 18 қараша. - Б. 6.

LAST_UPDATED2