Абай (1845-1904)
14.03.2012 20:08

3

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы 10 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген. 13 жасында Семейдегі мұсылман медресесінде оқиды. Осы жылдары араб, парсы, шағатай тілдерін меңгеріп, Шығыс классиктері Науаи, Низами, Физули, Сағди, Жәми, Сайхали т.б. шығармаларымен танысады. Сонымен қатар, Семей қаласындағы орысша приход мектебінде де оқиды. Өзінің ерекше қабілеттілігі, зейінділігі, зор ықыласы арқасында тез арада орыс тілін меңгереді. Алайда, әкесі Құнанбай оны енді өзінің жанында ұстап, бірте-бірте ел билеу ісіне араластырмақ ниетпен ауылға қайтарып алады. Ендігі жерде Абай ел арасындағы әр түрлі ру таласы, жер дауы, жесір дауы секілді істерге араласып, халықтың тұрмыс жағдайын көзімен көріп, танысады. 1875-1878 жж. болыс болып сайланып, ел билеуге тікелей араласып, әр түрлі даулы іске кесім айтып, күрделі мәселелерді шешуге қатысады. 70-жылдардың ортасында орыс әдебиетін қайтадан құмарлана оқып, өз білімін жетілдіре түседі. Бос уақытының бәрін кітап оқуға жұмсайды. Семейге жер аударылып келген Е.П.Михаэлиспен, Н.И.Долгополовпен, Б.С.Гросспен т.б. танысып, қарым-қатынас жасайды, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, Л.Н.Толстойдың, М.Е.Салтыков-Щедриннің, И.С.Тургеневтің, Ф.М.Достоевскийдің шығармаларын оқиды. Көптеген елдердің әдебиетіне жіті назар аударады. Батыс Еуропа әдебиеттерін жақсы біледі.

Абай өз өлеңдерін қағаз бетіне түсіруді тек 80-жылдардың орта кезінде қолға алды. Ақынның осы тұста (1882-1886) жазған өлеңдері идеялық және көркемдік жағынан өте жоғары, терең ойлы. Бұл ұзақ та өнімді ізденістерінің нәтижесі еді. Осы кезеңдегі шығармаларында тұжырымдалған идеялар мен тақырыптардың өрісі негізінен ақынның соңғы 20 жылдағы бүкіл шығармашылығына арқау болып, үнемі тереңдеп, дамып отырды. Абай қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салды. Оның ақындығы сан қырлы. Ол - керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге ойшыл ақын. Абайдың кемеңгер ойшылдығы оның қара сөздерінен, әсіресе, дінге қатысты, Алланың болмысы имандылық туралы терең толғаныстарынан айқын танылады. Абай поэзиясы өзі өмір сүрген тұтас бір тарихи дәуірді жан-жақты, барынша толық бейнелеп берді. Бірақ ақын шығармалары жарты ғасырды қамтитын дәуірді танытады деу аз. Абай поэзиясы кейінгі дәуірлердің, соның ішінде бүгінгі замандағы өмір шындығын да танып-білуге үлкен септігін тигізе алады.

Кәкітай Ысқақұлы жазып, ақынның 1909 жылғы жинағына енгізілген мақаладағы деректер (Әлихан Бөкейханов та Абай өмірі туралы алғашқы мақалаларын соларға сүйеніп жазған) кейін бірте-бірте толықтырылып   келді.

Мұхтар Әуезов осыларды және өзі жинап қосқан материалдарды негізге алып, ақынның өмірбаянын кеңейтіп, жүйелі түрде жазып шықты. Ал, Ахмет Байтұрсыновтың 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы ақынның қазақ әдебиетіндегі алатын орнын анықтап берді. Осы мақаласында А.Байтұрсынов: «Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», - деп, Абайды аса жоғары қояды. Абайдың әдебиеттегі орнын анықтап, шығармашылық мұрасының танымдық, тағылымдық, көркемдік мәнін бағалау мәселесі өткен кезеңдердегі, әсіресе, 20-30 жылдардағы идеологиялық талас-тартыстармен байланысты болды. Одан кейінгі кезде де (50-жылдардың басы) идеологиялық қатаң қағидаларды желеу қылған әр түрлі жаңсақ пікірлер бой көрсетіп жүрді. Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі 40-50 жылдарда кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайтанудың өз алдына дербес ғылым саласы болып қалыптасуына М.Әуезовтің көп жылғы зерттеу еңбегі негіз, тірек болды. Ақынның өмірі мен шығармашылығын кең қамтып, тереңдеп ұғып түсінуге, бірнеше арнада ғылыми зерттеулер жүргізуге М.Әуезовтің кейін тұтаса келе 4 томдық үлкен эпопея болып шыққан романдарының 1942-1957 жж. арасында бірінен соң бірі жарық көруі елеулі әсер етті.

Ұлы ізашар ақын Абайдың шығармашылық дәстүрлерін дамытып, жалғастырған ізбасар ақындар - қазақ поэзиясының біртуар аса көрнекті қайраткерлері: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов. Әсіресе бұл топта Шәкәрім Абайдың оқу-білім, ғылымды, адал еңбекті, талаптылықты, адамгершілікті уағыздау өнегесін, фәлсапашыл ойшылдығын өзінше өрістеткен, Сұлтанмахмұт әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын нақтылы түрде, үлкен сыншылдықпен ашып көрсетуі жағынан Абай дәстүрлерін дамытуда өзіндік тың, жаңа өріс тапты. Ал, Мағжан болса, теңдесі жоқ лирик ақын ретінде Абайдың өз көңіл күйін және жалпы адамның жан дүниесін, ішкі сезімін суреттеудегі дәстүрлерін өзінің сыршылдық шеберлігіне тірек етіп, өзінше жалғастырды деу орынды.

Абай шығармашылығын қазіргі көзқарастар деңгейінде талдап, тереңдеп түсінуге соңғы кездегі іргелі зерттеу еңбектер айтарлықтай үлес қосты. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерекесі біздің елімізбен қатар ЮНЕСКО-ның арнайы шешімі бойынша алыс-жақын көптеген елдерде аталып өтті, шығармалары ондаған тілдерге аударылып жарияланды. Қарағанды облысында қала, Шығыс Қазақстан облысында аудан, Семейде, Қарқаралыда, Жидебайда әдеби-мемориалдық мұражайлары бар. Алматы т.б. қалалардағы театрларға, көшелерге ақын аты берілген.

Әдебиет:

Қазақстан жазушылары [Мәтін] : анықтамалық / құраст. Қамшыгер, Саят; Жұмашева,   Қайырниса. - Алматы : Ан Арыс, 2009. – Б. 7-8.

Қосымша әдебиеттер:

 

Аққұлұлы, С. Абай мен Әлиханның жүздесуі де мүмкін [Мәтін] / С. Аққұлұлы; сұхбат. Д. Анаш // Ертіс өңірі. - 2010. - 17 наурыз. - Б. 10-11.

Ахметбекова, А. Әдептен озбайық [Мәтін] / А. Ахметбекова // Абай. - 2009. - №1. - Б. 81-88.

Әбдірабиұлы, Т. Қарт монологы [Мәтін] / Т. Әбдірабиұлы // Ертіс өңірі. - 2009. - 29 шілде. - Б. 11.

Әубәкір, Ж. Абай мұрасын насихаттау жалғаса береді [Мәтін] / Ж. Әубәкір // Ертіс өңірі. - 2010. - 3 наурыз. - Б. 8.

Байбол, Ә. Өнімді жазу шеберханасы [Мәтін] / Ә. Байбол // Қазақ әдебиеті. - 2011. - 1 сәуір. - Б. 3.

Бердібаева , Р. Алаш рухымен нәрленген [Мәтін] / Р. Бердібаева // Жалын. - 2010. - №2. - Б. 16-17.

Ердембеков, Б. "Құдайым жаратуын қасқа қылып..." [Мәтін] : Медетбайдың Қиясбайға айтқанынан / Б. Ердембеков // Семей таңы. - 2009. - 2 шілде. - Б. 4.

Елеукенов, Ш. Әдебиет - тәуелсіздік қаруы - Абай романынан туған кейбір ойлар [Мәтін] / Ш. Елеукенов // Қазақ әдебиеті. - 2009. - 14 тамыз. - Б. 5.

Есімжанова, Г. Адам болам десеңіз... [Мәтін] / Г. Есімжанова // Абай. - 2009. - №1. - Б. 88-90.

Жәрімбетова , Н. Екеуі де еліне еңбек етіп еді [Мәтін] / Н. Жәрімбетова // Егемен Қазақстан. - 2008. - 13 мамыр. - Б. 3.

Ибрагимов, Т. Жидебай [Мәтін] / Т. Ибрагимов // Қазақ әдебиеті. - 2009. - 27 ақпан. - Б. 6.

Исабекова, Ж. Абай мен Мұқағалидың поэзиясына тән ортақ амалдар [Мәтін] / Ж. Исабекова, Б. Батырхан // Педагогика мәселелері. - 2009. - №3-4. - Б. 109-112.

Кенемолдин, М. Қазақтың біртуар ғалымы [Мәтін] / М. Кенемолдин // Семей таңы. - 2008. - 16 қазан. - Б. 9.

Қалиұлы, С. Ұлы ақын Абай оқыған мектепке - 156 жыл [Мәтін] / С. Қалиұлы // Қазақстан мектебі. - 2009. - №. - Б. 4-8.

Қос ақынның ескерткіші Өскеменде бой көтерді [Мәтін] // Семей таңы. - 2009. - 3 қыркүйек. - Б. 1.

Құдайберді, А. Абайдың үй-жайының салынуы хақында [Мәтін] / А. Құдайберді // Қазақ әдебиеті. - 2009. - 20 наурыз. - Б. 13.

Майтанов, Б. "Мен басында кешкенмін..." [Мәтін] / Б. Майтанов // Қазақ әдебиеті. - 2011. - 24-30 маусым. - Б. 11.

Мәшһүр-Жүсіп, Қуандық. Дін және Мәшһүр-Жүсіп [Мәтін] / Қ. Мәшһүр-Жүсіп // Егемен Қазақстан. - 2010. - 20 қаңтар. - Б. 6.

Мұхамадиұлы, М. Кітапхана - білім ордасы [Мәтін] / М. Мұхамадиұлы // Семей таңы. - 2008. - 16 қазан. - Б. 7.

Нұршайықов, Ә. Сыршылдық пен нәзіктік егіз [Мәтін] / Ә. Нұршайықов // Жалын. - 2009. - №2. - Б. 87-91.

Өміртайұлы, С. Абай тойы - халық тойы [Мәтін] / С. Өміртайұлы // Абай. - 2010. - №3. - Б. 10-16.

Рысқалиев, Т. Қазақ философиясы: ой мен тілдің құнарлылығы [Мәтін] / Т. Рысқалиев // Абай. - 2009. - №1. - Б. 51-56.

Сапышев, А. Жалғыз қара [Мәтін] / А. Сапышев // Семей таңы. - 2009. - 1 қазан. - Б. 4.

Белгібаев, М. Семей Орыс Географиялық Қоғамы және қазақ зиялылары мен ғалымдары [Мәтін] / М. Белгібаев, Ж. Әділбекқызы // География және табиғат. - 2010. - N4. - Б. 3-6; № 5. - Б. 7-10.

Сембай, М. "Әлемді Шыңғысхан қылышпен жауласа, Мағауин қаламмен жаулайды" [Мәтін] / М. Сембай // Қазақ әдебиеті. - 2010. - 29 қаңтар. - Б. 5.

Смолякова, Е. "Евгений Онегин" романының Ілияс Жансүгіров аудармасы [Мәтін] / Е. Смолякова // Абай. - 2009. - №1. - Б. 72-81.

Тоқтарұлы, М. Абайдан ақыл іздесек [Мәтін] / М. Тоқтарұлы // Жалын. - 2011. - №4. - Б. 6.

Төлебаева, Қ. Абайды тану - ұлтты тану [Мәтін] / Қ. Төлебаева // Семей таңы. - 2010. - 20 мамыр. - Б. 4.