Бұрынғы Қытай Консулдығының ғимараты
14.02.2012 23:56

1900 жылдың тарих пен сәулет ескерткіші.

Мекен-жайы: Семей қаласы, Шайжүнісов көшесі, 138.

 

1Ғимарат 1939 жылы Қытай консулдығына 10 жылға жалға берілген. Жалға алу актісіне Қытай консулдығының өкілі Тянь-Бао-Ци қол қойған. Қалалық Кеңес атқару комитетінің 1963 жылғы 1 қарашадағы шешімімен ғимарат қалалық оқу бөліміне, 1968 жылғы 24 желтоқсанда қалалық денсаулық сақтау бөлімінің балабақшасына берілген. Қазір бұл ғимаратта Мұғалімдер үйі орналасқан. Бұл - Семей қаласының қоғамдық белгідегі өте қызықты ғимараттарының бірі. Ауқымы шағын, бір қабатты ғимарат өте әшекейленіп салынған. Қабырғалары рустпен өңделген, цоколі жазық, тек ондағы терезелер ғана тік бұрышты шығыңқылықпен жасалған. Терезелері тік бұрышты, тек жоғары жағы ғана доға тәрізденіп иіледі, терезе жақтаулармен қоршалған, олардың жоғарғы жағы рельефті етіп жасалған. Жақтаулардан ағашпен ойылған оюдың ықпалы сезіледі. Карнизі айшықты, төбенің жиегімен тумба және айшықты метал торкөз ретінде әсемделген. Кіреберіске ортасынан жарылып ашылатын өрнекті ағаш есік орнатылған, екі баспалдақты қанатшасы бар. Төбесі екі жаққа сырғымалы, ол да жоғарғы торкөзге ұқсастырылып металл өрнектерімен айшықталған. Ғимаратқа аула жақтан кіретін тағы бір есік бар, мұнда не қилы өрнектермен ернектелген ағаш таяныштары бар веранда салынған, бұл тәрізі кейіннен жасалған нәрсе болса керек. Ғимарат бір қабатты, астында подвалы бар. Ғимараттың орташа биіктігі 3,7 метр; Жалпы пайдалы алаңы 406,5 шаршы метр, оның ішінде тұрғын алаңы 101,6 шаршы метр. Тағаны әктас ылайымен араластырып салынған тізбекті шойтас.

 

Әдебиет:

Шығыс Қазақстан облысы сәулет және монументальды ескерткіштерінің тізбесі = Свод архитектурных и монументальных памятников Восточно-Казахстанской области [Мәтін]. - Өскемен : Альфа-Пресс, 2005. - 233 б.

Гостиничные номера купца Сахно; Воскресенский православный собор; Здание китайского консульства; Здание, построенное в честь отмены крепостного права [Текст] : [о памятниках архитектуры г. Семей] // Вести Семей. - 2010. - 10 нояб. - С. 4. : ил.

LAST_UPDATED2