Семей қаласы осылай салынған
18.01.2012 19:21

Семей қаласы Еуразияның тура жүрегінде орналасқан. Оның географиялық орталығы Гринвич бойынша шығысқа қарай 50 градус ендік пен 80 градус бойлықтың қиылысқан тұсында, Семей қаласынан 40 шақырым жерде орнатылған.
Қаланың пайда болуы Қазақстанның Ресейге қосылу тарихымен тығыз байланысты Семей қамалынан басталған. XVI ғасырда бірқатар объективті себептер мен әлеуметтік-экономикалық дамумен байланысты, субъективті жағдайларға орай, қазақ даласына деген қызығушылық арта түсті. Ресейде орталықтандыру жүргізіліп, мемлекеттік биліктің күшеюіне қарай, шығыстағы көршілермен сауда-саттық және басқа қатынастардың мүмкіндіктері едәуір артты.
Ресейге Қазан (1552 ж.), Астрахань (1556 ж.) және Сібір (1598 ж.) хандықтарының қосылуы Сібір мен қазақ далаларына апаратын Кама сауда жолының қалыптасуына   көмектесті. Осы өңірдегі өз позицияларын нығайтуға және шығыс шекаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысқан патша өкіметі Тюмень, Тобольск, Тара, Томск және басқа орыс қалалары мен острогтарының негізін қалады.
Көшпенділер елімен шекарада қалалардың пайда болуының нәтижесінде қазақтардың мал шаруашылығы өнімдерін орыс тауарларына айырбастауына, сондай-ақ «азиялық сауданы» одан ары дамыту үшін тасымал пункттерін жасауға қолайлы мүмкіндік пайда болды.
Орыстар Тара мен Тобылда орнығып алып, одан ары Орта Объқа өткеннен кейін алғаш рет Ертіспен жоғары қарай жолға шықты. Оларға тұз керек еді, ал ол Прииртышьенің далалық көлдерінен табылған болатын.
Яркент өзеніндегі алтын туралы естіген I Петр Ертістің жоғарғы жағына экспедицияларды бірінен кейін бірін жібере бастады. Сібір губернаторының айтуынша, оңда алтын көп болатын, оның көптігі сондай, тіпті қызыл су кезінде оны ат жабуының, кілемнің немесе сукноның көмегімен-ақ жинап алуға болған. Таңғажайып Яркент алтыны туралы хабарды Ресейдің қайта құрушысы назардан тыс қалдыра алмайтын еді.
Қазақ далаларын Орта Азияның сауда-қолөнер орталықтарына және шығыс базарларына апаратын қақпа ретінде, I Петр қазақ далалары арқылы өтетін керуен жолдарын мейлінше кеңінен пайдаланып, Орта Азиямен транзиттік сауданы күшейту ниетінде болды.
XVIII ғасырдың басында шығыс пен оңтүстік-шығыстағы стратегиялық шептерді нығайту жөніндегі патша өкіметінің, орыс өнеркәсіпшілерінің және көпестердің іс-қимылдары күшейе түсті және де бұл ретте алдыңғы қатарға Ертіс өзеніндегі әскери линия шықты.
I Петр 22 мамырда полковник Иван Дмитриевич Бухгольцқа Тобольск қаласына аттанып, сол жердегі генерал-губернатордан 1500 әскери адам алып, солармен Семей қаласының солтүстік жағындағы Ямыш көліне дейін баруға бұйырады. Ямыш көлінде (Семейдің солтүстігінде) база жасап және сол арада қыстап шыққаннан кейін И.Бухгольц келер көктемде Ертістің жоғарғы жағымен Еркету (Яркенд) қаласына сапар шегіп, «ол жердің тұрғындарының дария өзеннің қай жерінде және қалайша алтын өндіргенін» бүге-шігесіне дейін біліп қайтуы тиіс болатын.
Патша жарлығын орындау бірнеше айларға созылды. Сөйтіп, Бухгольц 1714 жылғы тамыз айында Москвадан Тобольскіге кетті, ал патша жарлығында қойылған мақсатты орындау үшін Сібір губерниясының орталығынан тек келесі жылдың шілде айында ғана шықты.
1716 жылы Тобольскіге қазақ елшілері батырлар Бекболат Ешекеев пен Байдәулет Буршев келді, олар Сібірдің губернаторы князь М.П.Гагаринге қазақтардың Ресеймен «мәңгілік достықта» тұрғысы және «сауда жасау үшін Тобольскіге қатынап» тұрғысы, сондай-ақ Жоңғарияға қарсы Ресеймен әскери одақ құрғысы келетіндерін хабарлайды.
Бастабында бәрі де ойдағыдай басталған: И.Бухгольц Ямыш көліне жетіп, сол арадан қалашықтың негізін қалайды. Артиллерия поручигі Каландердің көмегімен 1715 жылы 23 қазанда Ертіс өзенінің оң жақ жағалауынан қамал салады.
Қазақ даласының өмірлік маңызы бар орталықтарына барған сайын тереңдеп ене, қан шығармай қол жеткен табыстарға қанаттана отырып, Сібір әкімшілігі енді Петербургтен нұсқау тоспастан, 1718 жылдың жазында тәжірибелі  фортификатор подпопковник жабдықтап жолға шығарды, оларға солдаттары, казактары мен артиллериясы бар отряд қосып берілді.
1718 жылы подполковник Прокофий Ступин Ямышев қамалынан Нор-Зайсан көліне дейін капитан Инейдің басқаруындағы 200 адамнан тұратын экспедиция жіберді. Экспедицияның мақсаты Ертіс өзенімен жоғары қарай баратын жолды зерттеу, Ертіс бойында қамал салуға болатын ормандары бар және кеме айлағы болатын жерлерді қарау еді. Экспедиция Ямышев қамалынан Ертіспен жоғары қарай қазір Өскемен тұрған жерге дейін шағын кемелермен 6 апта жүріп барады, Өскемен арқылы 6 күн, одан Зайсанға дейін 3 апта жүреді. Экспедиция көлдің жағалауларын зерттеп, қамал салуға жарамды жер таппаған, өйткені онда «тас пен құм ғана, ал орман жоқ» болып шыққан.
Бұл экспедиция орыс ғылымы үшін тұңғыш рет Нор-Зайсан көлі мен Ертіс өзенінің жоғарғы жағы, қамалдар салуға қолайлы орындар мен құрылысқа жарамды ағаштары бар жерлер туралы неғұрлым дәл мәліметтер әкелді. Ямышев бекінісін салардан бұрын полковник Матигоровтың командасы Ямышев келінің жанынан 1716 жылы жазда шағын острог салған. 1717 жылы Ямышев острогына полковник Ступиннің басқаруындағы екі тұрақты полк жіберілген. Каландердің сызбасы бойынша острог қамалға айналдырылған. 1733 жылы қамал жөндеуден өткізіледі, ал оның қорғаныс қабілетін күшейту мақсатында тұрақты әскерлер үшін бруствер деп аталатын орын салынған. Қамалдан бес шақырым жерде Ямышев тұзды көлінің қарауылы үшін байқау пункт-редуты тұрғызылған, өйткені жоңғар билеушілері анда-санда осында өз адамдарын тұзға жіберіп отырған. 1718 жылы күзде Семипалатный қамалы күшейтілді және толық қаруландырылды.
Ертіс өзенінің жоғарғы жағын одан ары игеру үшін 1720 жылы патша ағзамның өзінің нұсқауымен лейб-гвардия майоры И.М.Лихаревтің басқаруындағы тағы бір әскери команда - өзен экспедициясы әзірленді. Бұл экспедиция Нор-Зайсан көлін жан-жақты зерттеп, «алтын құм» туралы толық мәліметтер жинауға және оны іздеуге тиіс еді. Оған сондай-ақ И.Д.Бухгольц экспедициясының неліктен сәтсіздікке ұшырағанын тәптіштеп, біліп қайту жүктелді.
1720 жылғы маусым айының аяғында Лихарев Семейге келеді. Сол жылы жазда құрғақшылық болғандықтан Ертісте су әдеттегіден аз болатын. Алғашқы әскери экспедициялардың мүшелері де Зайсанға қарай қайықпен барғаны белгілі.
Қамалдың негізі қаланғаннан кейін пайда болған Семипалат слободасы 1734 жылға дейін тұрған. Онда шаруалар мен әртекті шенділер мекендеген. Майор А.Зыбиннің хабарлауына қарағанда, қызметші адамдар слободаның екі жағында да тұрған.
Өз өмірінің алғашқы жылдарында Семей қамалы толық мәніндегі бекініс емес болатын. Бұл өзінің сыртқы түрі мен жоспарлануы жағынан қарапайым ғана фортификациялық ғимарат болатын, дегенмен ол әскери жағынан алғанда едәуір жақсы қорғалған еді. Төрт бұрыш формалы қамалдың бастиондары мен флангілері бар-тын, ол ағаштан салынған, сыртқы қабырғасының кейбір бөлігіне ғана тас қаланған еді. Оның ішінде шағын ағаш шіркеу болған.
Шекаралық және әскери-тірек базасы ретінде пайда болған Семей қамалы дами келе Ресей мен Қазақстан ғана емес, Ресей, Орта Азия мен Батыс Қытай арасындағы маңызды сауда пунктіне айналды. Семейдің негізі қаланған кезден бастап мұнда сауда жасау үшін жоңғар қалмақтары, бұқарлықтар, ташкенттіктер, қоқандықтар келетін. Қазақ халқымен, солар арқылы шекаралас елдермен шаруашылық қарым-қатынастарын нығайтуға мүдделі Сібір губерниялық әкімшілігі қамалдардың коменданттарына әртүрлі нұсқаулықтар жіберіп, соңғылардың назарын азиялық халықтарды саудаға тартудың пайдалылығына аударатын. Патша өкіметі ойраттарды да сауда жасауға тартуға күш салды. Сонау 1729 жылы Сібір губерниялық кеңсесі Ямышев және Семей қамалдары арқылы Жоңғариямен сауда жасаудың пайдалылығын мойындаған болатын.
Шекара маңындағы бекіністерде сауданы кеңейтуге Жоңғарияның өзі де мүдделілік танытты.
1748 жылы Сібір губерниялық кеңсесінің жарлығы бойынша Семей және Ямышев кедендерінде қазақтар үшін айырбас сарайлары салынды.
1767 жылы, уақыт ете келе Семей қамалын жаңа, неғұрлым қолайлы орынға көшіру мәселесі туындады. Ол орын бұрынғы қамал тұрған жерден 12 шақырымдай жоғары тұстан белгіленді. Сол жылы қамалды салудың жоспар-жобасы бекітілді. Бірақ Ресейден өз отанына қашқан еділ қалмақтарының Ертіс линиясына шабуыл жасауына, одан кейін Пугачев көтерілісіне (1773-1775 жж.) байланысты жаңа орындағы қамал құрылысы тоқтап қалды.
Уникалды жазбалардың бірі Екатерина дәуіріндегі саяхатшы, аса ірі ғалым, академик-натуралист П.С.Паллас жасаған ескі Семей қаласының сипаттамасы. Ол ескі қамалды былайша сипаттайды: «...Ескі қамал ормен қоршалған, қабырғалары ағаштан салынған, екі мұнарасы бар төрт бұрышты ғимарат. Ол қабырғалардың ішкі жағында казармалар салынған. Онда сондай-ақ ағаш шіркеу, коменданттарға арналған екі пәтер, кеңсе ғимараттары, азық-түлік қоймасы және оқ-дәрі қоймасы орналасқан. Қамалдың жоғарғы және төменгі жағында екі елді мекен бар, екеуін қосқанда шамамен 200 үй. Жоғарғы елді мекен шағындау және ол қамалдан өзенмен бөлінеді, ағаш кеден де сонда орналасқан. Тұрғындарының бір бөлігі көпестер, бір бөлігі казактар мен отставкадағы драгундар, соңғылары тұрғындардың денін құрайды».
1776 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы жаңа жобамен қамал салу үшін капитан И.Г.Андреевті іссапарға жібереді. Орыс экспедициялары арасында Ямышев, Железинск, Семей, Өскемен қамалдарында әскери қызмет атқарған капитан И.Г.Андреев экспедициясының қызметі ерекше назар аударуға тұрарлық. Дарынды инженер болғандықтан ол 1766-1793 жылдары осы қамалдарды қайта тұрғызып, көпірлер, жолдар салып, тракттардың, редуттардың, форпосттардың және басқа әскери бекіністердің карталары мен жоспарларын жасаған. 1776 жылғы сәуір айында ол Железинск қамалынан шығып, жолда көп қиындықтар көріп, Семей қамалына келеді. Андреевпен бірге 40 жұмыскер, Семей батальонының 25 солдаты, 50 тюмендік және тобылдық қызметші татар және 200 жер аударылып, мойынтұрық кигізілген тұтқындар келеді. Жаңа қамал шығыңқы бастиондары бар төрт бұрыш формалы ғимарат еді.
XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап Семей революцияға дейінгі Қазақстанның ірі сауда орталықтарының бірі болып табылады. Қала орыс-қазақ экономикалық және саяси байланыстарын нығайтуда, сонымен қатар Ресей мен Қазақстанның Батыс Қытай қалаларымен және басқа азиялық өңірлермен қарым-қатынасты дамытуда аса маңызды роль атқарды.
XIX ғасырдың ортасында Семейде мал өнімдерін өңдеумен айналысатын 13 әрекет етуші кәсіпорын: 5 тері өңдейтін, 4 сабын қайнататын және 4 шырағдан шығаратын зауыт болған. 1858 жылы тері зауыттары 25 мың рубльдің, сабын қайнату зауыттары - 1680 рубльдің, шырағдан зауыттары 3500 рубльдің өнімін өндірген. Ал, 60-жылдардың басында Семей облысында 19 тері зауыты, 5 сабын қайнататың бір шырағдан зауыты болған, бұлар жылына күміспен 82926 рубльдің өнімін өндірген. Бұл кәсіпорындар қазақтардың мал шаруашылығы шикізатының елеулі бөлігін жұтып жатты.
«Орыс географиялық қоғамының Жазбаларында» жазылғандай, 1854 жылы «император ағзам 19 мамырда Көкпекті және Аягөз сыртқы округтарынан, Семей және Өскемен қалаларының жерлерінен және Сібір линиясының ішкі жағымен, Ертістің оң жақ жағалауымен және Ертіс линиясындағы елді мекендерге дейін қырғыздар (қазақтар) көшіп жүретін жерлерде, Железинск қамалынан Кіші Нарынға дейінгі аймақта Семей деп аталатын ерекше облыс құрылсын деп бұйырды. Және де бұл ретте Семей облыстық қала деп аталды, ал Аягөз, Көкпекті және Қапал станицалары осы облыстың округтық қалалары деңгейіне жеткізілді».
1854 жылғы 1 қазанда Семей облысы салтанатты жағдайда ашылған. Семей облыстық қалаға айналды.
Шығыс Қазақстан облысы сәулет және монументальды ескерткіштерінің тізбесі = Свод архитетурных и монументальных памятников Восточно-Казахстанской области [Мәтін]. - Өскемен : Альфа-Пресс, 2005. - 233 б.

 

 

Әдебиет:
Шығыс Қазақстан облысы сәулет және монументальды ескерткіштерінің тізбесі = Свод архитектурных и монументальных памятников Восточно-Казахстанской области [Мәтін]. - Өскемен : Альфа-Пресс, 2005. - 233 б.

 

Қосымша әдебиеттер:

Жанғалиев, Ұ. Қорғандағы қазба жұмыстары [Мәтін] / Ұ. Жанғалиев // Семей таңы. - 2009. - 9 сәуір. - Б. 6.
Омаров, А. Көне Семей болған ба? [Мәтін] / А. Омаров // Семей таңы. - 2008. - 31 қаңтар. - Б. 6.
Рысбекұлы , А. Семей - өнердің өлкесі   [Мәтін] / А. Рысбекұлы  // Семей таңы. - 2011. - 16 ақпан. - Б. 9.

LAST_UPDATED2