Әбдірахманова Гүлсім |
12.10.2013 13:02 | |
Әбдірахманова Гүлсім
(12.12.1917- 07.10.1970) Актриса. 1917 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген. 1937 жылы Алматы театр-көркемсурет училищесін бітірген. Сол жылдан өмірінің соңына дейін Семей театрында актер болды. Осы театрда әр кезеңде қойылған, М. Әуезов қаламынан туған «Еңлік - Кебектегі» - Еңлік, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» - Қарлыға, «Айман - Шолпандағы» - Айман, Теңге, «Түнгі сарындағы» Жүзтайлақ, «Қаракөздегі» Мөржан, Ә. Тәжібаевпен бірігіп жазған «Ақ қайыңдағы» Алтыншаш рөлдерін ойнаған. Актрисаның әншілік өнері көптеген музыкалық қойылымдарда ойнауға мүмкіндік берді. Олардың ішінде Софья (Б. Александровтың «Малиновкадағы тойында»), Ақжүніс (С. Камалов пен Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде»), Телли (У. Гаджибековтің «Аршин мен аланында»), Клементина мен Елена (И. Дунаевскийдің «Еркін желі» мен «Шалқар теңізінде»), тағы басқа рөлдердің актрисаның шығармашылық жолында ерекше орны бар. Қазақстанның халық әртісі (1964). 1970 жылы дүниеден өтті. Әдебиет: Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. Т. 1 : Сөз зергерлері. Мәдениет майталмандары. - Астана : Фолиант, 2011. - Б. 196.
|