09.06.2023 02:06

ӘДЕБИ КИНОЗАЛ

Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында экранға шығарылған әдеби-көркем туындылар көрсетілімін ұйымдастыру арқылы кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында «Әдеби кинозал» жобасының тұсаукесері өткізілді.

Шараға Шәкәрім атындағы СМУ-нің, М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжі мен Радиотехника және байланыс колледжінің студенттері, тұрақты оқырмандар шақырылды.

Шара басында кітапхана қызметкері кітап пен киноның әрдайым өзара әрекеттесетіндігі жайлы, яғни бірінші болып әдеби туынды жазылса, кейіннен оның негізінде көркем фильм түсірілетіндігі туралы атап өтті. Бір жағынан жақсы таспаланған туынды сол кітапты оқыған адамды толқытып, тағы да бір рет сол кездегі сезімдерін басынан өткізуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, экрандалған туындыны көру арқылы көптеген жандардың сол кітапты оқуға деген қызығушылығы артады. «Әдеби кинозалдың» алғашқы сеансы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи-трилогиясына арналды.

1 2
3 4

Көрермендерге І.Есенберлиннің өмірінен алынған қызықты деректермен қатар «Көшпенділер» трилогиясында әдеби-көркем тілмен суреттелген Қытай шекарасынан қарт Каспийге дейін созылған Ұлы дала халқының өмірі, моңғол шапқыншылығынан кейінгі мемлекеттің қалыптасу кезеңінде қазақ даласында орын алған тарихи оқиғалар туралы ақпараттар берілді.

5 6

Шара барысында кітапхана қызметкері аталған фильмнің түсірілімі, режиссері, сценарий авторы және басты рөлді сомдаған әртістер туралы әңгімелеп берді. Осындай егжей-тегжейлі мағлұматтар алған көрермендер ерекше шығарманың түпкі ойын, қызықты оқиғаларымен еліктіріп әкететін «Көшпенділер» фильмімен салыстыруға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің мұғалімі, режиссер Болат Қамзиннің жетекшілігімен колледж студенттері «Ұлылардың бас қосуы» атты көрініс ұсынылды. Балалар көркемөнер мектебінің тәрбиеленушілерінің орындауында І.Есенберлиннің шығармашылығы бойынша «Қазақ хандығының тарихынан...» атты құмда сурет салынып, «Кітап парағынан - үлкен экранға дейін» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

«Әдеби кинозал» жобасы оқырмандардың жазғы уақыттарын тиімді пайдалану үшін өз жалғасын табады.